Келес ауданына қарасты Қарабура ауылына газ берілді

Келес ауданына қарасты Қошқарата ауылдық округінің Қарабура елді мекені табиғи газға қол жеткізді. Ауыл қуанышымен бөлісуге Келес ауданы әкімінің орынбасары Алмас Сексенбаев барып, жергілікті тұрғындарды қуанышымен құттықтады.

– Ауданымыз осыдан бес жыл бұрын қайта құрылып, тұрғындардың қолайлы инфрақұрылыммен қамту бағытында кешенді шаралар атқарылуда. Өткен бес жыл ішінде Келес ауданы бойынша 23 ауыл табиғи газға қол жеткізді. Міне бүгін сол қатарға қарабуралықтар да қосылып, көгілдір отынды қолдана бастады. Баршаңыздың шаңырақтарыңызға ынтымақ, береке, жылуылық тілеймін, – деді Алмас Икрамұлы.

Айта кетейік, Қарабура ауылын табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылы құрылыс монтаж жұмыстары басталған болатын. Газ құбырының жалпы ұзындығы 12,418 шақырымды, абонент саны  137-ні құрайды. Осыған дейін Біртілек ауылдық округінің 6, Бірлесу ауылдық округінің 4, Жүзімдік ауылдық округінің 4 елді мекендері және Қошқарата ауылдық округінің 9 ауылы табиғи газға қол жеткізді.

ПІКІР ЖАЗУ