Бәйдібек: аудан әкімі Боралдай ауылдық округі тұрғындарымен кездесті

Бүгін аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов Боралдай ауылдық округі тұрғындарымен кездесті. Округ орталығындағы «Қаратау» мәдениет үйінде өткен жиында бұған дейінгі кездесулерде көтерілген мәселелердің орындалуы мен жоспарға сәйкес атқарылып жатқан жұмыстардың барысы баяндалды.

– Жылдың басында бекітілген кестеге сәйкес дүйсенбіден бастап ауылдық округі тұрғындарымен кездесуді бастадым. Әрбір тұрғынның ұсынысы назарға алынып, тиісті жұмыстар жүргізілетін болады. Кездесу жиындарынан кейін тұрғындар тарапынан айтылған мәселелер бойынша арнайы барып, шешілу жолдарын қарастыру жөнінде жауапты мамандармен талқылап, тапсырма беріп жатырмын. Әрине кейбір мәселелер уақыт пен қаржыны талап етеді. Бірақ міндетті түрде кезең-кезеңімен шешілетін болады. Бүгін Сіздермен округтегі өзекті мәселелерді тыңдап, жұмыс жасау үшін арнайы келіп отырмын, – деді Ерлан Нұрмаханов.

Боралдайлық тұрғындар аудан басшысына округ орталығы мен Теректі ауылының ауыз суы, құрылысы жүргізілген Талап, Түйетас, Амансай, Сарыбұлақ елді мекендерін табиғи газға қосу, жөндеу жұмыстары жүргізілген Теректі-Қаратас жолындағы кемшіліктерді қалпына келтіру, ауруханаға ішкі құрылысты түсіретін аппарат орнату,  Ж.Боралдайдағы жолдарды жөндеу, көше жарығы мен трансформатор орнату және басқа да бірқатар әлеуметтік мәселелерді жеткізді.

Көтерілген мәселелер бойынша жауаптар беріліп, аудан басшысы Теректі-Қаратас жолындағы кемшіліктер бойынша мердігер мекемеге ескерту жасап, қалпына келтіру жөнінде нақты тапсырма берді. Төрт елді мекеннің газы бойынша қазіргі таңда жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Осы айдың ішінде пайдалануға берілетін болады. Боралдайдың ауыз суы бойынша толық қайта құрылымдауға жоба әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылған.

Жиында айтылған әрбір мәселе назарға алынды. Көтерілген мәселелерді шешу бойынша арнайы іс-шара жоспары жасалып, жүйелі жұмыстар жүргізілетін болады.

Боралдай ауылдық округі тұрғындарымен өткен бүгінгі жиынға аудандық мәслихаттың төрағасы Асқар Кенехан, аудан әкімінің орынбасарлары мен бөлім, мекеме басшылары, депутаттар, округ тұрғындары қатысты.

ПІКІР ЖАЗУ