Бәйдібек: аудан әкімі Ақбастау ауылдық округі тұрғындарымен кездесті

Аудан әкімі Ерлан Нұрмахановтың тұрғындармен кездесуі Ақбастау ауылдық округінде жалғасты.

Аудан әкімінің орынбасары Берік Тұрлыбеков ағымдағы жылы Ақбастаулық тұрғындармен өткен 3 есепті кездесуде округтің маңызды 10 мәселесі көтеріліп, бүгінгі күнге нақты 5 мәселе өз шешімін тапқанын. Қалған 5 мәселені шешу бойынша арнайы іс-шара жоспары жасалып, жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқандығынан хабардар етті.

Ашық, еркін, сұрақ-жауап форматында өткен кездесуде ортақ жайылым, ағын су, спорт кешені мен балалар ойын алаңшасын салу, ауыз су және әлеуметтік мәселелер қозғалды. Қойылған сұрақтарға тиісті жауаптар беріліп, зерделеуді қажет ететін бірқатар мәселелер бойынша аудан басшысы жауаптыларға тапсырма жүктеді.

Ерлан Нұрмаханов жиыннан кейін азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Биылғы жылы Ақбастау ауылындағы көшелерге жүргізілген жөндеу жұмыстарының барысын бақылады. Мердігер мекемеге ескерту жасап, орын алған кемшіліктерді шұғыл ретке келтіру жөнінде тапсырма берді. Сонымен қатар Ерлан Заипұлы балық өсіруді қолға алған кәсіпкердің шаруашылығымен танысты. Кәсіпкердің жұмысына сәттілік тілеп, қолдау білдіретінін жеткізді.

ПІКІР ЖАЗУ