Дархан Сатыбалды Отырарда тұрғындарды өтініштері бойынша қабылдады
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Отырар ауданына жұмыс сапарымен барды. Іссапар соңында ашық форматта жеке қабылдау өткізіп, аудан тұрғындарының өтініштерін тыңдады. Қабылдауға келген азаматтардың көбі әлеуметтік мәселелермен келген. Мәселен бірі шет елде емделуге квота беруді сұраса, келесі азамат жұмысқа орналастырып беруді өтінді. Отырар ауданы, Арыс ауылындағы мектептің спорт залына және тағы бір білім ұясын күрделі жөндеуге қатысты мәселе көтерді. Сондай-ақ аудан тұрғыны бөбекжай меңгерушісінен қысым көргенін жеткізді. Мектеп директорының жалақысын төмендетіп жібергеніне наразы азаматтың мәселесі де тыңдалды. Кәсіпкерлік нысанына қатысты дау да сөз болды.
– Сіздердің өтініштеріңізді тыңдау үшін аудан, қалаларды кезекті рет арнайы аралап жүрмін. Шешілетін мәселе болса, «бар» деп, шешілуі уақытты талап етсе, оны да ашық айтамыз. Қабылдауда көтерілген мәселелер хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынады, – деді Дархан Сатыбалды.
«Ашық есік күніне» құқық қорғау органдарының және облыстық басқарма басшылары мен өкілдері қатысып, өтініштердің оңтайлы шешілуіне атсалысты. Тұрғындар ашық пікір алмасуға толық жағдай жасалғанын жеткізді. Қордаланған мәселелерді мұқият тыңдаған өңір басшысы тиісті сала мамандарына заң аясында шешуді тапсырды.
Айта кетейік, күні кеше Кентау қаласындағы іссапарында Дархан Амангелдіұлы жалпы қоғамдық қабылдау өткізіп, инфрақұрылым, әлеуметтік мәселе, баспанамен қамту, туризмді дамыту бойынша тұрғындардың өтініші мен ұсыныстарын тыңдады. Жыл басынан бері облыс әкімі тарапынан қабылдаулар тұрақты өткізіліп келеді. Азаматтардың өтініші негізінде хаттамалық тапсырмалар беріліп, жұмыстар атқарылуда.