Бәйдібек: аудан әкімі Алғабас ауылдық округі тұрғындарымен кездесті

Бекітілген кестеге сәйкес аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов  бүгін Шақпақ ауылында Алғабас ауылдық округі тұрғындарымен кездесті.

Аудан әкімінің аппарат басшысы биылғы жылы Алғабас ауылдық округі тұрғындарымен өткен кездесулерде 3 елді мекеннің тұрғындары тарапынан аудан басшысына жеткізген бірқатар мәселелердің орындалуы мен атқарылып жатқан жұмыстардың барысынан хабардар етті.

Кездесу жиыны ашық, сұрақ-жауап түрінде өтіп, Алғабас ауылдық округі тұрғындары аудан басшысына бірқатар өзекті мәселелерді жеткізді. Шақпақ елді мекендегі жүргізіліп жатқан ауыз су мен газ құбыры құрылыстарының аяқсыз қалмауы, электр жарығының жиі өшуі, интернет желісінің нашарлығы, жедел жәрдем көлігінің кешігіп келуі, Бозарық каналын тазалау, мәдениет үйі мен спорт кешенін салу, көшелерге камера орнату, Қазата ауылындағы Қапшағай су қоймаға жөндеу жұмыстарының баяу жүргізіліп жатқандығы, ағын су мен ауыз су және басқа да бірқатар  мәселелер айтылды. Жиын барысында айтылған ұсыныс-пікірлерге жауапты бөлім, мекеме басшылары жауап берді.

– Бүгін таң ертең «Қапшағай» су қоймасының жөндеу жұмыстарымен таныстым. Жауаптылармен, мердігермен кездесіп, су қойма құрылысының баяу жүріп жатқандығын ескерттім. Округте бірінші кезекте басталған, құрылысы жүріп жатқан жұмыстардың барлығы аяқсыз қалмайды. Биылғы және келесі жылға өтпелі құрылыстардың барлығы бақылауда. Бүгінгі кездесуде айтылған ұсыныстарыңызға жан-жақты талдау жүргізіліп, орындау үшін тиісті жұмыстар жүргізілетін болады, – деді аудан әкімі Ерлан Заипұлы.

Жиынға облыстық мәслихаттың депутаты Ғ.Қапалбаев, аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, халық қалаулылары, дербес бөлімдер мен мекеме басшылары, округ тұрғындары қатысты.

Есепті кездесуден кейін Е.Нұрмаханов бір топ тұрғынды жеке қабылдап, өтініштерін тыңдады. Тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселе назарға алынды.

ПІКІР ЖАЗУ