Түлкібас ауданында құлпынай алқаптары артып келеді
Бүгінде Түлкібас ауданында құлпынай өсіріп, одан пайда көріп отырғандар қатары артып келеді. Мәселен, биылғы жылы аудан аумағына 5 кәсіпкер 10 гектардан астам аумаққа тамшылатып суғару әдісімен құлпынай еккен.
Солардың қатарында Майлыкент ауылдық округіне қарасты Дихан шаруа қожалығы да бар. Қожалық төрағасы Дауырбаев Диханбек есімді кәсіпкер жуырда 2 гектар жерге 70 мың түп құлпынайдың Альбион, Азия, Клери түрлерін отырғызып, келер жылы ол жерден тәулігіне 1 тоннаға дейін өнім алуды көздеп отыр.
Диханбек кәсіптің бұл түрін 2 жылға жуық уақыт толық зерттеп, алғашқысын 20 сотық жер теліміне егіп, өнім алып келгенін айтып отыр. Келесі жылы бұнымен тоқтап қалмай құлпынай алқабын 1 гектарға ұлғайтып, сонымен қатар қосымша 4 гектар алқапқа таңқурай егуді жоспарлауда. Таңқурай көшеттерін өндірумен айналысатын Алматылық шаруалармен келіссөздерді де жүргізіп қойған.
Алқап басында кәсіпкермен аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов арнайы кездесіп, кәсібін дөңгелетіп отырған азаматпен кездесті.
Алдағы жоспарларын тыңдап, мемлекет тарапынан қолдау қажет болған жағдайда Заң талаптарына сай көмек беруге дайын екенін жеткізіп, ісіне сәттілік тіледі.