Түркістан: Кентаудың көшелері 80 пайызға жаңартылды
Кентау қаласында биыл 688 млн. теңгеге 28 көшенің жолдары жөнделді. Оның ішінде, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында ұзындығы 11,5 шақырым 7 көше жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында 15,1 шақырым 21 көшеге асфальт төсеу жұмыстары атқарылды. Нәтижесінде жалпы жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 80%- ға жетті. Жалпы қалада 374 шақырымды құрайтын 427 көше бар. Өткен жылы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 70%-ы құраған болатын.
Осы бағытта қала әкімі Жандос Тасов қала ішіндегі аулаларда жүргізіліп жатқан жол құрылысының барысын бақылады. Жауапты сала басшыларына жұмысты ұдайы қадағалауды, мердігер мекемелерге сапасына баса назар салуды ескертті.
Бүгінгі таңда қаладағы Д.Қонаев даңғылындағы №10, 12, 14 және Төле би көшесіндегі №62, 66, 68, 70 көпқабатты үйлер ауласына 4500 м2 асфальт басу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Аталған үй аулаларының жолына 4 автотұрақ және жаяу жүргіншілер жолына асфальт басу жұмыстары жүргізілуде.