Түркістан: Мақтааралда облыстық термешілер байқауы өтті

Бүгін Мақтаарал ауданында Түркістан облысының құрылғанына – 5 жыл және Мақтаарал ауданының 95 жылдығына орай, сонымен қатар «Түркістан мақамдары» терме жинақтарын дамыту мақсатында  ақын, термеші Қайыпназар Әйтпеновтың 123 жылдығына арналған облыстық «Терме – бойтұмарым» атты термешілер байқауы өтті.

Аудандық «Мақтаарал» мәдениет үйінде ұйымдастырылған шарада алдымен термеші ақын-термеші туралы бейнеролик көрсетілді. Содан соң Мақтаарал аудан әкімінің орынбасары  Алтын Ешанқұлова мен терме жанашырлары қатысушыларға сәттілік тіледі. Түркістан облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Мейіржан Алиакбаров сайыс мақсаты қазақ халқының ән-жыр өнерін бүгінгі жас ұрпақ арасында кеңінен насихаттау және дамыту, талантты жас термешілерді анықтау, олардың шығармашылығына қолдау көрсету екенін жеткізді.

Облыстық «Терме – бойтұмарым» байқауына 16 мен 35 жас аралығындағы 16 үміткер қатысты. Бірінші кезеңде үміткерлер Қайыпназар Әйтпеновтың термесін орындаса, екінші кезеңде еркін тақырыптағы термені орындады. ҚР Мәдениет саласының үздігі, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Мейіржан Алиакбаров, дәстүрлі ән терме Республикалық конкурстардың лауреаты Халықаралық жыршы, термешілерінің одағының мүшесі Аязбек Рустамов және ақын, сазгер Бауыржан Кеттебеков төрелік жасады.

Байқау қорытындысы бойынша әділ қазылар алқасының шешімімен 1-орын  Гүлбану Шалабаеваға  (Созақ ауданы), 2-орын  Нұрлыбек Қалман (Сауран ауданы) мен Жарқынбек Қалмұратовқа  (Жетысай ауданы), 3-орын Сәкен Төретаев (Мақтаарал ауданы) пен Назира Оспановаға (Түркістан қаласы) және Арысбай Мұқасанға (Түлкібас ауданы) бұйырды. Ал Шоқан Теңлібаевқа (Отырар ауданы), Нұртуған Абылайұлына (Шымкент қаласы), Серік Тасқұловқа (Шардара ауданы), Әділбек Ғанисұлтанға (Төлеби ауданы) және Қайып Бейбітке (Арыс қаласы) арнайы жүлде табысталды. Сонымен қатар ұрпақтары атынан қаржылай сыйлық Отырар ауданынан келген Теңлібаев Шоқанға берілді. Байқауға қатысқан барлық үміткерге домбыра мен атақты термешінің кітабы сыйға берілді.

ПІКІР ЖАЗУ