Түркістанда «экономикалық тергеп-тексеру қызметінің» волонтерлік қозғалысы жұмысын бастады

Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастамасымен республикамызда алғаш рет кәсіби волонтерлік қызметтің жұмысы басталды.

Волонтерлік қозғалыстың басты мақсаты – облыс тұрғындарының қаржылық сауаттылығын арттыру, әлеуметтік маңызды атаулы тауарлардың бағаларына мониторинг жұмыстарын жүргізу және облыс аумағындағы қаржылық алаяқтық деңгейінің төмендеуіне үлес қосу.

Ақжайық музыкалық мектебінде өткен волонтерлік қозғалыстың алғашқы отырысына Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Темірболатұлы, Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков және облыс аумағында орналасқан Жастар ресурстық орталықтарының басшылары қатысты.

Жиын барысында волонтерлердің қолдауымен Пердебек Сержанұлы аталған волонтерлік қозғалыстың төрағасы болып сайланды.

«Еріктілік халқымызға жат дүние емес. Өздеріңізге белгілі ата бабамыздан мұра болып қалған, «Асарлату» ұғымы бар. Дәстүрмен бүгінгі күннің мәселесін ұштастырып, департментпен республикамызда Экономикалық тергеп-тексеру департаменттері арасында алғаш волонтерлік қозғалыс құруға бел будық. Қоғамымызда қаржылық алаяқтықтың құрбандары күн санап артуда. Департамент мәселенің салдарымен емес себептерімен күресуді жөн санады», – деді Ерболат Темірболатұлы.

Кездесуде Департамент қызметкері Қарсыбай Гүлзия волонтерлік қозғалыс жайлы баяндама жасап, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Жиын соңында волонтерлік қозғалыстың атрибуттары – логотип пен туы таныстырылды.

ПІКІР ЖАЗУ