Түлкісбас: қаламгердің шығармашылығына арналды

Өткен  жұмада Қабанбай атындағы шағын жинақты білім ордасында мектеп оқушылары арасында жылда өтіп тұратын жазушы – журналист Мархабат Байғұттың шығармашылығына арналған «Мархабат  оқуларының»  кезекті отырысы болып өтті.

Мектеп ұжымы мен Тастұмсық ауылдық кітапхананың қызметкерлері ұйымдастырған бұл жиынға Лермонтов, Кошевой, Аманкелді, Қабанбай атындағы  мектеп оқушыларынан бөлек Тастұмсық ауылдық округі әкімшілігінің бас маманы Мархабат Усеинов, қаламгермен он жыл мектепті бірге оқыған сыныптас достары Қалаубек Анашев, Нұрәлі Құттыбаев, Төребек Күзембеков сынды ел ағалары қатысты. Мектеп директоры  Ұлбике Дүйсенова келген қонақтарды  жылы  шыраймен  қарсы  алып, аталмыш білім ордасының қазіргі таңдағы атқарып жатқан тыныс-тіршілігімен таныстырды. Одан кейін мектеп көркемөнерпаздарының шағын концерттік қойылымынан соң кезекті  «Мархабат  оқулары» өз жұмысын бастады. Бұл   әдеби  іс – шараны  Тастұмсық  ауылдық  кітапхананың  меңгерушісі Мейірхан  Топанбай  жүргізіп  отырды.

Әр  мектептен  келген  оқушылар жазушы Мархабат  Байғұттың өмір баянын, шығармашылығын  терең  талдап, өз ойларын   іркілмей  айтып отырды. Өздеріне қойылған  сауалдарға мүдірмей жауап қайтарып жатты. Жиынға арнайы қатысып отырған жазушының сыныптастары қаламгер достарының қайта оралмас  балалық шағы мен жастық кезеңіне кеңінен саяхат жасап, өздерінің ескірмейтін естеліктерін  ортаға шығарды. Әдебиет саласындағы орны айрықша жазушының жайдары жүзін, қарапайым мінезін, жалпы адами бітім-болмысын сағынышпен еске алды.  Ардагер ағалар сонымен қатар, оқушылар тарапынан  қойылған  сұрақтарға да  толыққанды  жауаптар қайтарды. Екі  сағатқа созылған жиын өзінің тартымдылығымен, шынайымдылығымен  есте қалды. Осы іс-шарада өздерінің сауаттылығымен ерекше көзге түскен оқушылар мектеп басшылығының  Алғыс хаттарымен  марапатталды.

Мархабат Байғұттың шығармашылығына арналған әдеби сазды жиынды мектеп директоры Ұлбике Дүйсенова ханым  қорытып, «Мархабат  оқуларына» арнайы келген қаламгердің сыныптастарына, өзге білім ордаларынан келген окушыларға өзі  басқарып отырған  ұжымы  атынан  ризашылығын жеткізді.

Орынтай  КӨМЕКОВ.

ПІКІР ЖАЗУ