Түлкібас: белсенді ұзақ өмір сүру орталығы көңіл қуантарлық
Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді ұлағат тұтып, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келе жатқан халқымыз қарттарын «Ауылында қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деп әспеттейді. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деп мол байлыққа теңейді. Көненің көзі, тарихтың куәсі болып келе жатқан асыл қариялардың дендері сау, көңілдері сергек болуы үшінаудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қасынан «Белсенді ұзақ өмір» орталығы 2022 жылдың 5 маусымында іске қосылып, халық игіліне жол тартып еді. Күніне 30 адамды қабылдауға шақталған орталықта, қазыналы қарттар мәдени-рухани тынығып, спорттық жаттығулармен, иого, еңбек терапиясы және шахматпен айналыса алады. Нәтижесінде егде жастағы Түлкібастықтар қоғамға белсенді түрде араласып, олардың психоэмоционалдық жағдайы жақсаруда. Бұл үшін арнайы жабдықталған 5 бөлме қарастырылған.
Орталық құрметті еңбек демалысына шыққан барлық еңбек ардагерлерінің басын біріктіретін бірегей ортаға айналды. Мұнда ардагерлерге бос уақыттарын тиімді өткізуге мол мүмкіндік жасалған. Олар өзара әңгімелесе отырып, шығармашылықпен айналысады, медициналық көмек алады, сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен де шұғылдана алады.
Сонымен қатар, орталықтың бөлімшесі зейнет жасындағы азаматтарға көрсетілетін қызмет түрлерін халықты хабардар ету үшін жарнамалық бейнероликтер жасалып, әлеуметтік желілерге жарияланып келеді. Көптеген мерекелік шаралар ұйымдастырылып, қарияларымыз белсенділік танытады. Мәдени демалысты ұйымдастыру бағытында тарихи Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне, түрлі мұражайларға, саябақтарға экскурсия ұйымдастырылып отырады.
«Біздің ұйымымыздың басты міндеттерінің бірі – аға буынның салауатты өмір салтын қолдау болып табылады. Барлық өңірлерде Белсенді ұзақ өмір орталықтарының ашылғанына өте қуаныштымын. Өйткені БҰҰ есептеулері бойынша 50 жылдан кейін планетаның әрбір алтыншы тұрғыны егде жастағы адам болады. Сондықтан қазірден бастап қарт адамдарға сапалы әр түрлі белсенді өмір сүруді қамтамасыз ету бойынша жұмысты жасау аса маңызды»,- дейді орталықтың меңгерушісі Ербол Мәулітбайұлы.
Естеріңізге сала кетсек, 2025 жылға дейінгі «Белсенді ұзақ өмір сүру» іс-шаралар жоспарын ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов 2021 жылғы ақпанда бекіткен болатын. Ол егде жастағы адамдардың өмір сүру сапасын арттыру, халықтың салауатты өмір сүру ұзақтығын арттыру, қарт адамдардың әлеуметтік және психологиялық әл-ауқатын жақсарту, егде жастағы адамдардың қоғам өмірінің әртүрлі салаларына, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысу мүмкіндіктерін кеңейту үшін іс-шараларды көздейді.
Осы жоспарды іске асыру үшін егде жастағы адамдардың жағдайын жақсарту мәселері бойынша ведомствоаралық комиссия құрылды. Мұндай орталықтардың ашылуы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірленген «Белсенді ұзақ өмір» Ұлттық жоспарында көзделген болатын.
Белсенді өмір салтының артықшылықтары бірінші денсаулық сақтау. Белсенді өмір салтын жүрек-қан тамырлары және онкологиялық ауруларды, семіздік, қант диабеті және тыныс алу жолдары мен өкпе көптеген ауруларды алдын алуға көмектеседі. Бұл өз кезегінде, өмірін ұзартады, денсаулық және иммундық жүйесін жақсартады және шыдамдылыққа арттыру жасына дейін сақтауға көмектеседі. Екіншіден қартаю процесін баяулатады.
Бұл орталыққа келу үшін жеке куәлік көшірмесі, зейнеткерлік кітапша көшірмесі, психологиялық, наркологиялық, туберкулездік, 027 анықтамасы дәрігерден, ауру тарихынан көшірме және аяқ киім қажет. Жоғарыда аталған қызметтер тегін көрсетіледі. Қоғамның дамуы – сол қоғамның қарт адамдарға қарым-қатынасымен өлшенеді.
Осы орталықта азаматтардың бос уақытын өткізіп әңгімелесіп, араласуына жағдай толық жасалған. Мінеки, мұндай мүмкіндіктер қарттарымыздың денсаулығы мен рухани күйіне оң әсерін тигізеді деп сенеміз.