Түркістан: Отырарда демеушілердің көмегімен замануи спорт алаңы ашылды

Отырар ауданы, Шәуілдір ауылындағы Жамбыл атындағы мектеп-лицейінде ауыл азаматтарының демеушілігімен жаңа спорт алаңы ашылып, пайдалануға берілді. Спорт алаңының ашылу салтанатына аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов пен аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов арнайы қатысып, ел игілігі жолында қызмет етіп жүрген жандарға шынайы алғыстарын жеткізді.

Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жазира Мүслімова мен жақында ғана ел чемпионы атанған «Ордабасы» клубының ойыншысы Бауыржан Исламхан халық денсаулығын жақсартуда спортпен шұғылданудың маңыздылығын атап өтті. Ардагер, Социалистік Еңбек Ері Оңалбек Бегалиев ақсақал демеушілік жасаған ел жастарына ризашылығын жеткізді. Бокстан  әлем чемпионатының бірнеше дүркін қола жүлдегері Абылайхан Жүсіп ауыл жастарының арасынан ел чемпиондары шығатынына сенім білдірсе, Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Түркістан облысы бойынша өкіл имамы Ержан Төлепов пен батагөй абыз ақсақал Бекбатыр Айменов ізгі тілегін айтып, ақ батасын берді. Айтыскер-ақын Дәурен Ақсақалов елдің қуанышы мен алғысын өлеңіне арқау етіп, ел азаматтарына деген арнауын жеткізді.

Мұнан соң жаңа нысанның лентасы қиылып, шараға келген қонақтар жаңа спорт алаңын аралап көрді. Алаңда Қазақстан ұлттық құрама командасының ойыншылары – Бауыржан Исламхан, Абылайхан Жұмабек және Мұхаммеджан Сейсендер футбол жанкүйерлеріне ойынның негізгі әдіс-тәсілдерін көрсетті.

Одан әрі 2009-2010 жылы туған жасөспірімдер арасында жолдастық кездесу өтіп, сайыс соңында жеңімпаздар марапатталды.

ПІКІР ЖАЗУ