Келес: жұмысына салғырт қарағандар жазаланды

Келес ауданы әкімінің орынбасары Даурен Сариев халықты жұмыспен қамту барысында анықталған өзекті мәселелер бойынша жиын өткізді. Жиынға аудандық Мансап орталығының директоры Нурипа Темірбаева, аудандық дербес бөлім басшылары мен ауыл, ауылдық округтерінің әкімдері қатысты. Жиын барысында жыл басында қойылған межені орындауда салғырттық танытқан ауыл әкімдеріне ескерту берілді.

–  Жыл басындағы межені орындауда біздің өңір осал көрсеткішті көрсетуде. Әліде уақыт бар. Ендігі кезекте өз әкімшілік аймақтарыңызда орналасқан жаңадан ашылған және жұмыс істеп тұрған мекемелерге Мансап орталығы арқылы тұрақты жұмыс орындарына жолдама алуға бағытталған шараларды жандандыру қажет. Әр аптаның басында берілген тапсырманың орындалуын талқылайтын боламыз.  Тапсырма орындалмаса міндетті түрде жауапкершілікке тартыласыздар, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Даурен Сариев әр ауылдағы жағдайды сараптап, мүмкіндіктерді іске асыру бойынша нақты тапсырмаларды жүктеді. Айта кетейік, Келес ауданында жыл басынан бері 1601 адам жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» шеңберінде 2023 жылға Жаңа жұмыс орындары жоспары бекітіліп, 20 жобаны іске асыру барысында 273 уақытша жұмыс орындары ашылатыны жоспарланды.

ПІКІР ЖАЗУ