Түркістан: медициналық пойыз Отырар ауданына келіп тоқтады

ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен елімізде «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы шалғайдағы тұрғындарға биылғы сәуір айынан бастап қызмет көрсетіп келеді.

Түркістан облысындағы сапары Сауран ауданынан басталған медициналық пойыз Отырар ауданындағы «Ақшоқат» станциясына келіп тоқтады. Таңнан бастап ауыл тұрғындарына тегін медициналық, психологиялық, құқықтық және медиативтік көмек көрсетуде. Еліміздің барлық облысын аралап келе жатқан пойыз қызметі Отырар ауданында екі күнге жалғасады.

Мамандарды станция алдынан күтіп алған аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов халықтың денсаулығы мен құқықтық көмек алуына арналған жобаның маңыздылығын атап өтті.

– Бұл жобада кез келген азамат барлық мәселеге қатысты құқықтық, психологиялық және медиативтік ең үздік кәсіби заңгерлерден, психологтардан, медиаторлардан тегін және толық көлемде қажетті көмек пен кеңес ала алады. Сондықтан шалғай ауылдарда тұрып қажетті медициналық және құқықтық көмектерді алуға мүмкіндігі болмаған тұрғындар үшін бұл үлкен мүмкіндік. Ауыл тұрғындарын бүгінгі шараға барынша атсалысып, қажетті қолдауларды тиімді пайдалануға шақырамын, – деді аудан әкімінің орынбасары.

ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның өкілі Талғат Әміржанов пен аға медбике Алтынай Күдербекова медициналық көмек көрсетуге бағытталған жобаға биыл алғаш рет кәсіби және тәжірибелі медиаторлар мен заңгерлер тартылып, тұрғындардың әртүрлі топтарына тегін медиация және заңгерлік көмек көрсетіліп жатқанын жеткізді.

Атап өту керек, 2013 жылдан бастап «Самұрық-Қазына Траст» және Әлеуметтік жобалар қоры «Қазақстан темір жолы» АҚ-ы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп ауқымды «Саламатты Қазақстан» атты әлеуметтік жобаны жүзеге асырып келеді.

ПІКІР ЖАЗУ