Сауранда «Ризамын ағайын, ауылыма» атты шығармашылық кеш өтті

Сауран ауданының мәдениет үйінде Түркістан, Кентау қалалары мен Сауран ауданының Құрметті азаматы, журналист, ғалым, композитор Бекжігіт Сердәлінің «Ризамын ағайын, ауылыма» атты шығармашылық кеші өтті. Кешті ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Айдар Сейдазым ашып, жүргізіп отырды.

 Жиынға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев, Түркістан қаласының Құрметті азаматы, мәдениет қайраткері Ұлжан Мұстафаева, «Turkistan Media Holding» ЖШС-нің басқарушы директоры, журналист Тельман Бейсен және өмірдегі, өнердегі жора жолдастары қатысты. Кеште Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров пен аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев құттықтау сөз сөйлеп, кеш иесі Бекжігіт Сердәліге сый-сияпат жасап, құрмет көрсетті.

 – «Бекжігіт Кенжебекұлы! Сізді Сауран ауданының тумасы, жерлесіміз ретінде ерекше құрметтейміз. Сауран ауданның Құрметті азаматы ретінде ауданға сіңірген ерен еңбегіңізді жоғары бағалаймыз, шығармашылық жолында жасаған еңбектеріңіз орасан зор. Журналистика саласында талмай еңбек етіп, ел игілігі үшін көптеген жылдар бойы қызмет атқарып, шәкірт тәрбиелеп, бүгінде филология ғылымының кандидаты, доцент, профессор, ақын, композитор атандыңыз. Сонымен қатар, қоғамдық жұмыстарда бар күш-жігерін сарқа пайдаланып келе жатқан еңбекқор, жанашыр азамат екеніңізді көрсетіп, халық құрметіне ие болып келесіз. Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға амандық пен береке тілеймін, – деді аудан әкімі Мақсат Асылбекұлы.

 Шығармашылық кеште Бекжігіт Кенжебекұлының жора жолдастары өнер иесімен бірге ән шырқап, жиналған көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйласа, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары концерттік бағдарламасын ұсынды.

ПІКІР ЖАЗУ