Арыс: коммуналдық сала қызметкерлеріне азық-түлік топтамасы таратылды

Жаздың аптап ыстығында, қыстың қақаған аязында, көктемнің екпінді желінде қаланы күл-қоқыстан тазалап, ағаш егіп, тұрғындарды ауыз сумен, жылумен қамтып жүрген жандардың еңбегі әрқашан бағалы. Мезгіл таңдамай қызмет қылатын еңбек адамдарын құрметтеу – заңдылық.

Осы орайда, бүгін Арыс қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен, «ТезкоТрэйд» компаниясының демеушілігімен коммуналдық салада еңбек ететін 261 қызметкерге тегін азық-түлік себеттері таратылды.

Республика күні қарсаңында ұйымдастырылған игі шараға қала әкімі Гүлжан Құрманбекова қатысып, еңбек азаматтарына алғысын білдірді.

«Бұл адал еңбегімен қаламыздың дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген баршаңызға деген аз ғана құрметіміз. Себебі кәсіби біліктілік пен мамандыққа адалдықтың шынайы үлгісін көрсетіп жүрген Сіздердің ерен еңбектеріңіз қандай құрметке болса да лайық,» – деді қала әкімі.

Игі шарада Арыс қаласын аббаттандырумен айналысатын «Жасыл Арыс» КММ, тазалықпен қамтамасыз ететін «Қызмет-Сервис» ЖШС, жылуға жауапты «Арыс-Жылу» мекемесі, «Ақаба-Сервис» мекемесінің кіші қызметкерлерінің бәріне бірдей азық-түлік топтамасы үлестірілді.

Мерекеде өздерiне жасалған сый үшін оны алушылар қуанышын жасырмай, шексіз ризашылығын білдірiп, ел қамын ойлаған басшылардың жұмыстарына сәттілік тіледі.

Азық-түлікті сұрыптап, әр себетке бөліп жинақтауға әрқашанда сауапты icтерден шет қалмайтын Қолғабыс Қоғамдық Қорының төрағасы Сырлыбек Мұсабеков пен қызметкерлерi белсене атсалысты.

Қайырымды іске атсалысқан, демеушілік танытқан азаматтарға шынайы алғысымызды айтамыз. Мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады.

ПІКІР ЖАЗУ