Түркістан: қызылша ауруына қарсы екпе егу науқаны жүріп жатыр

Еліміздің бірқатар өңірлерінде қызылша ауруы дендеп тұр. Түркістан облысында бүгінгі күнге дейін қызылша дертімен 373 күдікті жағдай тіркеліп, 166 науқастың диагнозы расталған. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны – 146, мектеп оқушысы – 19, балабақша тәрбиеленушісі – 26, қалғаны студенттер мен ересек адамдар. Бұл туралы брифингте Түркістан облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бахтыораз Елемесов мәлімдеді.

– Күз-көктем мезгілдері – эпидемиялық маусымдар. Бұл кезде ауамен таралатын аурулардың адамнан адамға жұғуы өте жоғары. Аурудың жасырын кезеңі 7-21 күнді құрайды. Ауру белгілері науқаспен байланыста болғаннан кейін суық тиюдің белгілеріне ұқсас симптомдармен біліне бастайды. Атап айтқанда, дене қызуының көтерілуі, жөтелдің пайда болуы, құлақ пен мойында және бет пен денеде бөртпелердің шығуы, – дейді Бахтыораз Мизамұлы.

Сондай-ақ, брифингке қатысқан Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев аталған дерттің алдын алу шараларына тоқталды.

– Қызылшаның алдын алуда тиімді де баламасыз шаралардың бірі – екпе алу. Қызылшаға қарсы алғашқы екпе 1 жаста, кейін бала 6 жасқа толғанда жүргізіледі. Екпе 15 жыл бойы тұрақты иммунитет сақтау тиімділігін қамтамасыз етеді. Бүгінгі күнге дейін жоспар бойынша 1 жастағы – 40 473 балаға (74,1%) , 6 жастағы-35 714 балаға (74%) екпе салынды. Егілген адамдар әрдайым медициналық ұйымда медицина қызметкерінің бақылауында болады, – деді облыстың бас дәрігері.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

ПІКІР ЖАЗУ