Созақ: аудан орталығында кіші футбол алаңшасы мен балалар ойын алаңы ел игілігіне берілді

Бүгін Шолаққорған ауылындағы А. Спатаев көшесінің бойынан тұрғындар сұранысына орай салынған кіші футбол алаңы мен балалар ойын алаңшасының құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді.

Спорт нысанының ашылу салтанатында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков құттықтау сөз сөйлеп, ауданда спорт саласы бойынша қолға алынған жұмыстарға тоқталып өтті.

– Бұқаралық спортты дамыту, мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұл бағыт бойынша аудан көлемінде ауқымды жобаларымыз бастау алып, тиісті шараларды атқарудамыз. Бұған дейін сіздердің кіші футбол алаңы мен балалар ойын алаңшасын салып бөру жөніндегі мәселелеріңіз бойынша «Катко» қазақ-француз біріккен кәсіпорнымен бірлесе жұмыс жасап, бүгін міне игіліктеріңізге ұсынып отырмыз. Тек бұл ғана емес, аудан орталығындағы Жібек Жолы-2 көшесінің төменгі тұсынан да осындай ойын алаңының құрылысы басталды. Бұл жұмыстар орталықтан шалғай орналасқан ауылдарда да жүзеге асуда. Аудан жастарының бос уақытын тиімді пайдаланып, болашаққа деген сенімін нығайтып, ізгілікке, еңбекқорлық пен спортқа тәрбиелеуге мүмкіндік беретін жобалар біз үшін әр кез маңызды болып қала бермек,-деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.

Сондай-ақ аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, өскін ұрпақ салауатты өмір салтын ұстанып, ашылған нысан жастардың тәнін шынықтыратын орынға айналатынына өз сенімін білдірді.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов және спорт ардагері Жетілген Сармантаев ізгі тілектерін арнады. Спортты жанынына серік еткен жастарға жасалып жатқан мүмкіндіктер мен ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға айрықша тоқталып, алғыстарын жеткізді.

А. Спатаев көшесінің тұрғыны, ұлағатты ардагер ұстаз Қырмызы Сейітқызы – Біздің жеткізген өтініштерімізді аяқсыз қалдырмай, бүгінгі игі іске арқау болған азаматтарға барша тұрғындар атынан алғысымды білдіремін. Жастарымыз салауатты өмір салтын ұстанып, әлемдік додаларда биіктен көрінер спортшыларымыз көбейе берсін,-деп ақ батасын арнады.

ПІКІР ЖАЗУ