Сындарлы дипломатияның уақыты келді
Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Германия Канцлері Олаф Шольцпен кездесуіне қатысты.
Мемлекет басшысы қонақжайлық көрсеткені және саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Олаф Шольцке алғыс айтып, «С5+Германия» диалогының өзектілігін атап өтті.
Президент ынтымақтастықты дамытудың басым бағыттарына егжей-тегжейлі тоқталып, сауда-экономикалық кооперацияны кеңейтуді басты міндет ретінде атады.
– Германиямен жалпыаймақтық сауда-саттық қарқынды дамып келеді және өткен жылдың қорытындысы бойынша оның көрсеткіші 11 миллиард долларды құрады. Осы тауар айналымының 80 пайыздан астамы Қазақстанға тиесілі. Біз ГФР-ға жалпы сомасы 850 миллион доллар болатын қосымша 100 шикізаттық емес тауар түрі бойынша экспортты ұлғайтуға дайынбыз. Бұл жерде мұнай химиясы, металлургия, тамақ өнеркәсібі өнімдері туралы сөз болып отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, өзара тауар айналымының өсімі аймақ елдерінен импортталатын өнімдерге қатысты ұзақмерзімді келісімшарт жасауға, сондай-ақ Еуропа одағының Бас жүйесіндегі жеңілдіктер (GSP+) сияқты Орталық Азия мемлекеттеріне де арнайы сауда жеңілдіктерін ұсынуға ықпал ете алады. Президент сауда шарттарын жеңілдету жөнінде ұсыныстар әзірлеу үшін салалық ведомстволардың басшылары деңгейінде бірлескен жұмыс тобын құруды ұсынды.
Мемлекет басшысы санкциялық текетірестерді айыптап, шектеусіз және кедергісіз сауда-саттықты жақтады.
– Қазақстан санкциялық текетірестерге қарсы. Өйткені саяси тұрғыда негізделген шектеулер халықаралық қатынастардағы жалпы ахуалға сызат түсіреді және мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың дамуына кері әсер етеді. Сонымен бірге біз аймақтық саясаттағы санкциялық шектеулерді ескеруге мәжбүрміз. Бейбітшілік пен ынтымақтастықтың өзара тиімді формуласын табу үшін сындарлы дипломатияның уақыты келді деп санаймыз. Мен бұл туралы жуырда өткен БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясының мінберінде сөйлеген сөзімде айттым. Қазақстан барлық мүдделі мемлекетпен арадағы кедергісіз сауданы дамытуды және инвестициялық ынтымақтастық орнатуды жақтайды. Құрметті Канцлер, кеше экономикалық ынтымақтастық мәселелері жөнінде Сізбен және Германияның жетекші компанияларының басшыларымен табысты келіссөз жүргіздім. Мұндай ықпалдастықтың келешегі жарқын болады деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті ауыл шаруашылығын келесі басым бағыт ретінде атап өтті. Мемлекет басшысы германиялық серіктестердің қолдауымен Қазақстанда Орнықты егіншіліктің аймақтық орталығын құруды ұсынды. Оның айтуынша, аталған орталық теориялық әзірлемелер бойынша тәжірибе алмасуға, сондай-ақ оларды қолданысқа енгізуге және коммерцияландыруға септігін тигізе алар еді. Мемлекет басшысы инвестициялық серіктестікті одан әрі дамытудың перспективасы зор екеніне назар аударды.
– Германия 30 жылдан астам уақыт ел экономикасының негізгі инвесторларының қатарында келеді. Қазақстан ГФР-мен өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруды көздейді және ESG қағидаттарын сақтай отырып, неміс инвесторлары үшін барлық қажетті жағдайды жасауға дайын, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев аймаққа Германияның ірі банктерін тарту инвестициялық ынтымақтастыққа тың серпін беретінін атап өтті. Сонымен қатар Президент көлік-транзит саласында тиімді ықпалдастық орнату қажет екеніне тоқталды.
– Бүгінде Орталық Азия аймағы жаһандық тасымалдың негізгі бөлігіне айналып келеді. Осы ретте өңір «Солтүстік – Оңтүстік», «Шығыс – Батыс» бағыттары бойынша құрлық көпірі ретінде маңызды рөл атқарады. Әсіресе, Транскаспий бағдарын дамытудың және оны Global Gateway стратегиясымен ұштастырудың маңызы арта түсті. Ортамерзімді перспективада аталған дәліз арқылы жүк тасымалдау ағынының көлемі бес есе артар еді. Осы бағытта жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Германиялық серіктестерді Транскаспий бағдары мен Каспий теңізі порттарын дамытуға, сондай-ақ бірлескен кеме өндірісін қолға алуға және логистикалық орталықтар ашу ісіне белсенді атсалысуға шақырамыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан кәсіпорындары әлемдік нарықтағы титан мен басқа да материалдарға деген тапшылықтың орнын толтыруға әзір. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев терроризм, діни экстремизм, есірткі тасымалы, трансұлттық қылмыс сияқты Орталық Азия аймағы үшін аса қауіпті сын-қатерлерге назар аударды. Мемлекет басшысы Германияның жеке жобалары арқылы, сондай-ақ Еуропа Одағы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен басқа да халықаралық құрылымдар аясында осы және өзге де қауіп-қатерлерге тойтарыс беру жөніндегі күш-жігерін оң бағалады.
Қазақстан Президенті Ауғанстандағы жағдайға арнайы тоқталды. Оның пікірінше, бұл елдегі гуманитарлық дағдарыстың алдын алу үшін халықаралық қоғамдастықтың, әсіресе Орталық Азия мемлекеттерінің күш-жігерін қолдауды жалғастыру қажет. Осы ретте Президент Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму жөніндегі аймақтық орталығын ашу маңызды екенін айтты. Мемлекет басшысы Германияның саяси ықпалы мен экономикалық мүмкіндігін Орталық Азия елдерінің орасан зор әлеуетімен ұштастыру аймақтың орнықты дамуына елеулі үлес қоса алатынына сенім білдірді.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Германия Президентімен кездесуіне қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев аймақ мемлекеттері көшбасшыларының бірлескен күш-жігерін жұмылдыруға болатын ықпалдастықтың басым бағыттарын ұсынды. Кездесу барысында климаттың өзгеруіне және су тапшылығы проблемасына баса мән берілді. Жиынға қатысушылар мұздықтардың еруіне және Орталық Азиядағы экологиялық ахуалдың өзгеруіне байланысты мәселелерді талқылады.
Сондай-ақ Президент орталықазиялық әріптестерімен бірге Германия экономикасы Шығыс комитетінің (ГЭШК) дөңгелек үстеліне қатысып, Орталық Азия елдері мен Германияның экономикалық ынтымақтастығының негізгі мәселелеріне тоқталды.
– Біздің аймақ – Еуразия кеңістігін байланыстырушы бірегей стратегиялық орталық. Негізгі сауда-экономикалық дәліздер елдеріміздің аумағы арқылы өтеді. Қазақстанда мол пайдалы қазбалар қоры бар. Мұның бәрі Германиямен және жалпы Еуропа Одағымен сауда-инвестиция саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға кең жол ашады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы кездесу қатысушыларына жуырда германиялық HMS Bergbau компаниясының басшылығымен геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу және алдағы уақытта литий өңдеу кешенін салу туралы уағдаластыққа қол жеткізілгені жөнінде мәлімет берді. Инвестиция көлемі – 500 миллион доллар. Оның пікірінше, көмірсутегі шикізатын жеткізу, жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін күшейту, көлік-транзит және қаржы салаларындағы кооперация өзара қарым-қатынастың басқа да басым бағыттарының қатарына кіреді. Президент кездесуге қатысушылардың назарын орнықты даму және жасыл экономика салаларында бірлесе жұмыс істеудің маңыздылығына аударып, 2026 жылы БҰҰ аясында Қазақстанда өтетін Аймақтық климаттық саммитке қатысуға шақырды.