Көлік тоқтатқан шымкенттік полицей ұятқа қалды

Шымкенттік полицейдің заңды өрескел бұзған сәтінің видеосы ТікТок желісінде пайда болды. Автор тәртіп сақшысының бұл әрекетін өз парақшасына бірнеше бейнежазба етіп бөліп жариялаған.

Қызметтік көлікпен кетіп бара жатқан учаскелік полицейге жол бойындағы өзге көліктегі жолаушы қауіпсіздік белдігін тақпағанын айтып ескерту жасайды. Алайда осыдан кейін әлгі тәртіп сақшысы өзіне ескерту жасаған жолаушы отырған көліктің соңынан жетіп тоқтатады.

Бейнежазбадан қызметтік көліктегі полицей оң жаққа бұрылуға белгі беретін жарықты жағып, алайда өзі солға бұрылғанын байқауға болады. Бұдан бөлек тәртіп сақшысы көлікте отырған жүргізушіге жақындап, қызметтік куәлігін көрсетпестен «Жолаушыңыз неге қауіпсіздік белдігін тақпаған?» деп сұрақ қояды. Алайда жүргізуші де, жолаушы да қауіпсіздік белдікті таққанын айтады. Тіпті оны дәлелдеу үшін өздерін видеоға түсіріп алған.

«Тағылмаған ғой, көрдік қой… Неге өздеріңмен өздерің видеоға түсіріп кетіп бара жатсыңдар?»,-дейді полицей.

Жолаушының заңға сәйкес талабынан кейін тәртіп сақшысы бұйрыққа сәйкес қызметтік куәлігін көрсетеді. Алайда ол қызметтік видеожетон тақпаған.

Учаскелік полицей жүргізуші мен жолаушыдан жеке куәліктерін сұрайды. Алайда олар алдымен көлікті тоқтатудағы себепті видеодәлелдемен көрсетуін талап етеді.

«Жеке куәлікті көрсетуден бас тартасыз ба сонда?… Сіз куәлікті немесе көшірмесін өзіңізбен бірге алып жүру керексіз»,-дейді тәртіп сақшысы.

Ал жолаушы мен жүргізуші болса, куәлікті көрсетуден бас тартпайтынын, тек заң аясында дәлелдемені көрсетуін қайталап сұрайды.

«Неге өзіңіз қауіпсіздік белдігін тақпағансыз?»,-дейді жүргізуші.

Ал полицей болса, бұл бойынша өзінің үстінен арыз жазуға кеңес береді.

Бұл оқиғаның соңы немен аяқталғаны белгісіз. Тәртіп сақшысымен келіспеген жолаушы 102 шақыратынын айтады.

Видеоға қатысты Шымкент қалалық Полиция департаментіндегілер түсінік берді және ондағы қызметкер учаскелік полицей екенін растады. Оқиға 3 қыркүйек күні Жібек жолы көшесінің бойында болған.

«Әл-Фараби аудандық ПБ ЖПКБ учаскелік полиция инспекторы Ваз-21015 кызметтік автокөлігін қауіпсіздік белбеуін тақпай басқарғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабы 2 бөлігімен «Қауiпсiздiк белдіктерiн пайдалану қағидаларын сақтамау» әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ полиция қызметкерінің іс-әрекетіне қатысты қызметтік тексеру тағайындалды» деп мәлімдеді полициядан.

ПІКІР ЖАЗУ