Шымкентте Қорғаныс министрлігінің оқу орындарына түсуге үміткерлерді шығарып салды

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери-оқу орындарына түсуге ниет білдірген және денсаулық жағдайы бойынша алдын ала іріктеуден өтіп, ҰБТ-ның бес пәні бойынша кемінде 50 балл жинаған Шымкент қаласы мектептерінің түлектерін қалалық қорғаныс істері департаментінде шығарып салу үшін бастарын қосты.

Биылғы жылы қаланың жалпы білім беретін мектептерінің 50-ге жуық түлегі және Кеңес Одағының Батыры генерал С.Рахимов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің 102 түлегі әскери жоғары оқу орындарына түсуге ниет білдірген.
Болашақ курсанттарға Отан қорғаушы мамандығының қыр-сырын өз көзімен көріп білген Қарулы Күштердің ардагерлері, отставкадағы полковник Серікбай Оңбаев, ақ батасымен жылы лебіз тілегін білдіріп, сәт-сапар тіледі.

– Болашақ мамандықты таңдау оңай емес. Біреуі мұғалімнің үлгісінен шабыттанып педагог болуды армандайды, біреуі IT немесе заң ғылымының пайдасына таңдау жасайды… Ал біреулері өз өмірін Отанды қорғауға және оған қызмет етуге арнағысы келеді, оларды бейбітшілік пен Отанның өркендеуінің қорғаны деп атайды. Бүгін мұнда мектеп орындығынан осы жолды саналы түрде таңдаған жігіттер жиналды. Енді сіздер мақсаттарыңызға жету үшін алғашқы қадамдарыңызды жасай бастайдыңыз. Сіздердің барлықтарыңызға таңдаған жоғары оқу орындарына түсулеріңізді тілеймін, – деді Серікбай Оңбаев.

Қалалық қорғаныс істері департаментінің өкілдері атап өткендей, талапкерлер қабылдау кезеңінде әскери институттардың аумағына орналастырылады және жабдықтау нормалары бойынша тамақпен қамтамасыз етіледі.

Азаматтарды әскери оқу орындарына қабылдау келесі ретпен жүзеге асырылады: кәсіптік-психологиялық іріктеу; әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес түпкілікті медициналық тексеру; дене шынықтыру даярлығының деңгейін тексеру және оқу орнына қабылдау.

ПІКІР ЖАЗУ