Жаңа жылдық мереке балаларға қуаныш сыйлады

Бүгін, аудандық Мәдениет үйінде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған Жаңа жылдық мереке өтті.

Салтанатты шараға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев қатысып, балаларды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

– Балалар, келе жатқан Жаңа жыл мерекесі құтты болсын! Жаңа жыл әр бала үшін жыл бойы күтетін ерекше мереке. Балалар мереке әсерімен ертегінің еліктірер әлеміне, шаттық шадыманға толы ең ғажайып дүниесіне тап болғандай күй кешеді. Сендердің жүздеріңнен күлкі, қуаныштың табын көру біз үшін үлкен мәртебе. Сендер осындай ерекше елде өсіп келе жатқан бақытты ұрпақсыңдар. Зерделі де зерек, білімді де білікті болыңдар. Бұған елімізде барлық мүмкіндіктер жасалған. Бүгінгі елімізде атқарылып отырған игі істердің барлығы сендердің жарқын болашақтарың үшін жасалып жатыр, деді құттықтау сөзінде ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Мереке барысында мүмкіндігі шектеулі балалар ертегі кейіпкерлерімен және Аяз ата, Ақшақармен бірге суретке түсіп, Жаңа жылға арнаған тақпақтарын жатқа оқып, көңілді әуенге би биледі.

– Келер жыл баршаңызға жаңа жеңістер мен жетістіктер алып келсін. Алдағы жылда әр отбасы тек шаттық пен қуанышқа кенеліп, әрдайым еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Жаңа жылда арман-мақсаттарыңызға жетіп, биіктерден көріне беріңіздер, деді аудан тұрғындарын келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаған Әтірхан Шыңғысбаев.

Балдырғандарды сиқырлы ертегілер әлеміне жетелейтін бұл күн биыл да аудан бүлдіршіндерін ерекше күйге бөлеп, жылдағы дәстүрге сай аталып өтті. Аудан әкімінің Жаңа жылдық шыршасына 123 бала қатысып, сыйлықтар алды.

Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 

ПІКІР ЖАЗУ