Қонаққа келіп, ер адамның қымбат тонын ұрлап кеткен

Түркістан ҚПБ-ға жергілікті тұрғын ер адам арызданып, үйіне қонаққа келген әйелдердің бірі құны 500 000 теңге тұратын қысқы тонын ұрлап кеткенін жеткізді. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша СДТБТ-ға тіркеді.
Осылайша тәртіп сақшылары орын алған оқиғаның толық мән-жайын анықтауға кірісті. Жедел-іздестіру жұмыстары жүргізіліп, куәлардан жауаптар алынды. Атқарылған шаралардың барысында небары бір күн ішінде күдіктінің жеке басы анықталды.
Тергеушілердің анықтауынша, күдікті әйел жәбірленушінің танысы болып шықты. Ол құрбысымен жәбірленуші ер адамның үйіне қонаққа келіп, өзара кішігірім отырыс өткен. Осылай көңіл көтеріп отырған кезде әйелдердің бірі ешкімге байқатпай үй иесінің бағалы қыстық тонын жымқырып кеткен. Содан кейін жас әйел, ұрланған тонды ломбардтардың біріне 100 000 теңгеге өткізіп жіберген. Тәртіп сақшылары айғақты зат ретінде қыстық тонды алып, заңды иесіне қайтарды. Бүгінгі таңда аталмыш іс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Бүгінде осындай, оңай олжаны иемденуді ойлайтын, өзгенің мүлкін ұрлап пайда табатын адамдар қатары көбейген. Алаяқтық, ұрлық-қарлықтың аяғы жақсылыққа апармайды. Өздеріңіз көріп отырғандай, ешқандай қылмыс жазасыз қалмайды. Осы тұста Түркістан облысының полицейлері азаматтарға бағалы заттарыңыз бен банк кәртішкілеріңізге, әмияндарыңызға сақ болыңыздар деп ескертеді. Қалта ұрыларының көзіне түспес үшін бағалы заттарыңызды көрсетпей, аузы жабық сөмке ішіне салып қойыңыздар деп кеңес береді.

ПІКІР ЖАЗУ