Түлкібас ауданында тозығы жеткен 800 жуық электр бағана мен 32 шақырымнан астам электр желісі ауыстырылды

0

Ағымдағы жылы ауданымызға қарасты Түлкібас кенті мен Абай, Жаскешу, Жаңаталап, Жабағылы, Керейт, Т.Рысқұлов, Ынтымақ елді мекендерінде тозығы жеткен 782 электр бағаналары мен 32,55 шақырым электр желісі жаңартылды. Соның ішінде, 155 бағана мен 7,9 шақырым жоғарғы кернеулі  электр желісін, 627 бағана мен 21,15 шақырымы төменгі кернеулі электр желісін құрайды. Бұдан бөлек тозығы жеткен 5 трансформатор жаңартылып, электр қуаты төмен 2 елді мекенге қосымша 2 трансформатор орнатылып отыр.  

Бұл жайында бүгінгі аудан әкімі Нұрлан Байғұт тың төрағалығымен өткен кезекті лездемелік жиында «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің Түлкібас аудандық электр желілері бөлімінің басшысы А.Досов мәлімдеді.

Сонымен қатар, мекеме басшысы аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес тұрғындар тарапынан көтерілген үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету, ескірген электр бағаналарын ауыстыру сынды  мәселелер жоспарға сай рет-ретімен шешімін тауып жатқаның атап өтті.

Бұдан бөлек мәжілістің күн тәртібінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және күзгі әскерге шақыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар барысы мен халықты жұмыспен қамту саласындағы атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарлар кеңінен талқыланды.

Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі халықты жұмыспен қамту және әскерге шақыру жұмыстарын төмен деңгейде ұйымдастырған бөлім басшысы мен ауыл әкімдерін сынға алып, жұмысты барынша жандандыруды тапсырды. Жоспарды белгіленген уақытта орындамаған басшы мен жауапты маманға шара көрілетінің тілге тиек етті.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде өзектендірілмеген тұрғындарды өзектендіру бойынша арнайы құрылған жұмысшы топқа нақты тапсырмалар беріп, бұл бағыттағы жұмысты ретке келтіруге бір апта уақыт белгіледі.

Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ