Аудан басшысы бюджеттік мекемелердің жылыту жүйесін толық іске қосуды тапсырды

 

Ауданымызда ауа-райының күрт салқындауына байланысты әлеуметтік нысындарға рет-ретімен жылу беру жұмыстары бастау алды.

Жалпы аудан бойынша 203 бюджеттік мекеме болса, соның 79-білім, 52-мәдениет, 61-денсаулық сақтау, 10-спорт және 1-мекеме жұмыспен қамту бөліміне қатысты нысан. Бүгінгі таңда аталған мекемелердің 187-табиғи отынмен(газ), 9-қатты отынмен, 5-і электр энергиясымен жылытылады. Оның ішіндегі 2 мекеме Иірсу ауылындағы бастауыш мектебі мен клуб болса, қалғаны медициналық тіректер.

Иірсу елді мекеніндегі нысандарға алдағы жылы толық газ қосылады, қазіргі таңда газ тарту жұмыстары іске асуда. Ал, медициналық тіректерді көгілдір отынға қосу алдағы 3 жыл көлемінде шешімін таппақ. Бұл жерде жалда отырған және тозығы жеткен нысандардың орынына жаңа ғимарат бой көтеріп, жаңа жылу жүйелерімен қамтылатын болады.

Бүгінгі аудан әкімі Нұрлан Байғұттың төрағалығымен өткен жиында бұл туралы аудандық ТҮКШЖК және АЖ(ЖКХ) бөлімінің басшысы мен жауапты мекеме басшылары мәлімдеді.

Жылыту маусымына дайындықтан бөлек лездемелік жиында аудан аумағындағы тұрмыстық қатты қалдықтарды тастайтын полегондардың бүгінгі жағдайы, ветеринария саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар және аудан әкімінің жеке қабылдауындағы түскен ұсыныс өтініштердің орындалу барысы қаралды.

Жауапты баяндамашылардан соң жиынды қорытындылаған аудан әкімі, әлеуметтік нысандардағы жылыту қазандықтарын іске қосу кезінде анықталған кемшіліктерді тез арада реттеуді және электр жарығы өшкен жағдайда аса қажетті резервті шағын электр станцияларының жарамды болып тұруын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Жеке қабылдауда аудан тұрғындары тарапынан түскен ұсыныс-өтініштерді іске асыру мақсатында қайта пысықтау-талдау жұмыстарын жүргізіп, жоғарғы атқарушы органдар тарапынан түскен тапсырмалардың мерзімінде орындалуын қатаң бақылауда ұстауды ескертті. Аудан әкімдігі тарапынан құрылған жұмысшы топтарға тұрғындардың өтініш-ұсыныстарын қанағаттандыру мақсатында атқарылдып жатқан жұмыстарды қарқындату керектігін атап өтті.

Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ