«Ұстаз жолы – ұлы жол»

 

Түлкібас ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен аудандық мәдениет үйінде ” Мұғалімдер күні” мерекесіне салтанатты шара өтті.

Мерекеге шақырылған ардагер, үздік ұстаздарға және қонақтарға «Арбат» саябағында аудандағы білім беру ұйымдары шәкірттерінің шығармашылық гүлдер көрмесі ұйымдастырылды. Көз жауын алатын түрлі композициядағы қолөнер туындылары іс-шараның көркін аша түсті.

Шараға Түлкібас ауданы әкімі Байғұт Нұрлан Мархабатұлы қатысып, білім саласында аянбай еңбек еткен барша ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтады.

 

Құрметті ұстаздар! Баршаңыздың отбасыларыңызға – амандық, дендеріңізге –саулық, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Мереке құтты болсын! Ұстаз – ұлы тұлға! Шерағаң Түлкібасты «Тұлпарлар туған, Сұңқарлар қонған жер» деп текке мақтамаса керек. Осындай қасиетті Түркібасы өңірінің жас ұрпағын, мемлекетіміздің жарқын болашағы -жастарды тәрбие мен білім нәрімен сусындатуда төккен тер, атқарған еңбектеріңіз өлшеусіз!- деді аудан әкімі.

Мерекеге орай, аудан орталығындағы күре жол бойындағы LED экранға облыстық ғылыми жоба жұмысы бойынша жеңімпаздарды дайындаған және жалпы білім беретін пәндер бойынша өткізілген республикалық олимпиадада жүлдегер болған оқушылардың ұстаздары , республикалық математикалық «Бастау» турнирінің жеңімпаздарының жетекшілері, Ұлттық Лига аясында өткен республикалық жарыстар жеңімпаздарының жетекшілері ұсынылды.

Мерекелік шарада аудандағы білім беру ұйымдарының өнерлі ұстаздары өнер көрсеткеннен кейін, ауданымыздың үздік мұғалімдері мен ардагер ұстаздары аудан әкімінің, облыстық, аудандық мәслихатының, облыстық «Аманат» партиясы филиалының, адами әлеуетті дамыту басқармасы мен бөлімінің және кәсіподақ ұйымының алғыс хаттарымен марапатталды.

Сонымен қатар, арнайы қонақ ретінде шақыртылған ардагер ұстаздарға да құрмет көрсетіліп, гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар табысталды.

Мерекелік шара жалғасы әуезді әндермен, мың бұралған бишілердің өнеріне ұласып, көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлады.

 

ПІКІР ЖАЗУ