СОЗАҚТЫҚТАР “ҰЛЫ ДАЛА ЖОРЫҒЫ” ШАБАНДОЗДАРЫН ҚОШЕМЕТПЕН ҚАРСЫ АЛДЫ
Еліміздегі бірегей жоба – «Ұлы Дала Жорығы» атты республикалық марафон-бәйгесінің бүгін 9-шы күні. Бұл күні шабандоздар Созақ ауданының шекарасына келіп жетті. Мұнда олар 300 шақырымды шауып өтіп, Түркістан қаласына бет түзейді. Марафонға қатысушылар бүгін Қыземшек кенті, Тайқоңыр елді мекенінің маңына ат басын тіреді. Дүбірлі доданың 9-шы күні Түркістан облысының шабандоздары алғаш болып мәре сызығын қиды. Екінші орынды Маңғыстау облысы командасы келді. Үшінші орынды Ақтөбе облысы командасы жетті. Төртінші болып мәреге Қызылорда облысы командасы келді. Қазіргі таңда бас-аяғы 8 команда жарыс жолында. Марафон-бәйгеге қатысқан командаларды созақтықтар бар сән- салтанатымен күтіп алды. Қазақы дәстүрмен алдарына ас тартып, концерттік бағдарлама ұсынды. Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков құттықтау лебізін білдіріп, шабандоздарға сәттілік тіледі. – Құс ұшса қанаты, тұлпар шапса тұяғы талатын осынау 1200 шақырымдық ұзақ жолды жүріп өту жігіттің сұлтаны мен тұлпардың тұлпарына берілетін бақ. Марафон бәйгеде Түркістан облысының намысын созақтық шабандоздар қорғап жүргенін мақтанышпен айтамыз. Барлығы да жастайынан ат баптап, бәйге мен көкпарға шауып жүрген ауылдың атбегі азаматтары. Олардың жолына үмітпен қараймыз. Туған жердің топырағына тұлпардың тұяғы тиген соң нәтижелері де артады деп ойлаймын. Жүлделі орындардан көрінуге мүмкіндігі бар, – деді аудан басшысы Мұхит Тұрысбеков. Аталған жобаның авторы Бақытжан Тұрлыбеков отаншылдық, салауатты өмір және ұлттық құндылықтар төңірегінде мазмұнды ой қозғады. – Ілияс Есенберлиннің “Көшпенділер” трилогиясын оқығанда Кенесарының 4000 адаммен Созаққа алты күнде жеткені естеріңде болар. 2019 жылы Торғайдан Созаққа дейін 3 азамат 4 атпен 962 шақырымды 11 күнде жүріп өттік. Сонда қазақы қарабайыр аттардың мықтылығына таң қалдық. Осы марафон-бәйге өткізу идеясын ҚР Мәдениет және спорт министрі Даурен Абаев мырзаға айтып, қолдау тапты, – деді ол. Марафон бәйгеге қатысушылар Созақ ауданының аумағына үш күн қонады. Қыземшек кенті, Тайқоңыр елді мекені тұсында ат аяғын суытады. Одан соң Қаратау ауыл округінің Сарыжаз елді мекенінде ат басын тірейді. Одан ары қарай Шолаққорған ауыл округі, Абай елді мекеніне жол жүреді. Шабандоздар 29 қыркүйек күні таңертең Түркістан қаласына бет алады. Марафон-бәйгенің нәтижесі осы қалада белгілі болады. Бүгінгі 9 күндік марафон бәйгенің нәтижесі төрешілердің есептеуімен кешкі сағат 22:00-ден соң белгілі болады.