Түркістанда Маңғыстау облысының мәдени күндері өтуде
Киелі өңір – Түркістанда маңғаз өлкенің екі күндік бағдарламасы өнер шеберлерінің «Маңғыстаудан мың сәлем, Түркі төрі!» салтанатты шарасымен басталды.
Шара аясында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев «Түркістан облысына Маңғыстаудан тарту» кіші архитектуралық ескерткішін салтанатты түрде ашты.
Облыс әкімінің орынбасары Түркістанға Маңғыстау облысы әкімінің ыстық сәлемін жолдап, бұл сапар ежелгі адамзат өркениетінің озық жетістігі – Ұлы Жібек жолының сан тарамдары кесіп өткен қос өңірдің сауда-экономикалық, қоғамдық-саяси, мәдени-рухани байланысының жаңа бір деңгейге шығатынын айтты.
-Күллі түркі дүниесі руханиятының темір қазық, ақ ордасы – киелі Түркістанға үш жүз алпыс әулиелі-әнбиелі Маңғыстаудан, еліміздің бірден-бір теңіз қақпасы, қарт Каспийден ыстық сәлем алып келдік. Маңғыстау күндерін өткізудің басты мақсат-мұраты – бағзы бабадан бүгінге жеткен осы рухани-мәдени құндылықтарды жас ұрпаққа насихаттау, өскелең өрендердің жадында жаңғырту арқылы ұлтжандылық, отаншылдық сана-сезімді ояту деуге болады. Маңғыстау өлкесі ұлттық өнер түрлерін бәз-баяғы қалпында сақтап, жарастырып тең ұстаған халық таланттарынан кенде емес. Сондықтан екі күн бойы Түркістан халқы үшін аңыз өріп, жұмбақ жайлаған қасиетті мекеннің мәдени жауһарларымен, бірегей өнер туындыларымен етене танысудың және рухани кездесулерге қатысудың сәті түсіп отыр. Мәдени жетістіктер – қоғамның рухани дамуының бет-бейнесі екендігін ескерсек, өңіраралық мәдени-рухани байланысты бекіте түсуге, сөйтіп бірлігімізді баянды етуге, рухымызды асқақтатуға, біртұтас мызғымас елдігімізді нығайтуға ерекше мән беруге тиіспіз. Ұлы Түркі қағанатының, Көктүріктердің қара шаңырағы – Ұлы Даланың, бүкіл түркі әлемінің алтын бесігі – Түркістан шаһарындағы Маңғыстау күндеріне қош келдіңіздер! Маңғыстаудан мың сәлем, түркі төрі!,-деді Ұлықбек Тналиев.
Сондай-ақ Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан мен Маңғыстау жұртшылығын мәдени шараның ашылуымен құттықтады.
-Түркі халқының рухани бойтұмарына айналған – Түркістанға қош келдіңіздер! Түркі халықтарының рухани ордасы, қазақ хандығының астанасы – соңғы төрт жылда дамудың жаңа кезеңіне бет алды. Оң өзгерістердің нәтижесінде қала – облыс орталығы ғана емес, түркі халықтарының рухани-мәдени орталығы ретінде дамып келе жатыр. Бүгін тарихы терең өлке – Маңғыстаудан бір топ өкіл келді. Бұл – екі өңірдің рухани үндестігінің жаңғырып, жан-жақты байланысының нығаюының айқын көрінісі деп білемін, – деді Өмірзақ Шөкеев.
Шарада Түркі әлеміне танымал дизайнер Тәрбия Айдынбаеваның «Мифтік кейіпкерлерінің» көрсетілімі қойылды. Одан кейін «Серікбол Қондыбай және түркі мифологиясының зерттелуі» атты III Халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы өтті. Онда дүниежүзінің 20 астам ғалымдары мен Серікболтанушылар қатысты.
Бұдан бөлек, Ә.Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейі және Маңғыстау облыстық мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы көрмесінің таныстырылымы өтті.
Сонымен қатар Түркістан Конгресс холлында өткен гала концертте Маңғыстаудан жеткен өнер керуені жыр мен әннен шашу шашып, мерекелік шараның берекесін келтірді.