Грузияда қаза болған Әсел Айтпаеваның өліміне қатысты іс

 Нұр-Сұлтан соты былтыр Грузияда қайтыс болған Қазақстан азаматы Әсел Айтпаеваның өліміне қатысты істе күдікті атанған Мұрат Мейірбековті 15 жылға бас бостандығынан айырды. Сот 2 тамызда Мейірбековті зорлау және адам саудасы баптары бойынша кінәлі деп таныды.

 Айыпталушы қауіпсіздігі жоғары мекемеде жазасын өтейді. Сот жабық өтті. 56 жастағы Мейірбековтен бөлек, айыпталушы ретінде Грузия азаматы Бесик Тордуа да танылған. Оған зорлау және өзін өлтіруге итермелеу баптары бойынша айыптар тағылған. Тордуа Әсел Айтпаева қайтыс болғаннан күннің ертесінде ұсталған. 15 шілдеде оның түрмеде “инфарктан қайтыс болғаны” хабарланды.

  26 жастағы Әсел Айтпаеваның денесі былтыр 5 мамырда Тбилисидегі көп қабатты ғимараттардың бірінің ауласынан табылған. Ол қайғылы оқиға болмай тұрып құрбысына аудиофайл жіберіп үлгерген. Онда қызға қоқан-лоқы жасаған ер адамның дауысы бар. Тергеушілердің айтуынша, бұл Тордуаның дауысы. Істі грузин билігі тергеді. Іске байланысты Нұр-Сұлтанда Қазақстан азаматы, Айтпаеваның жездесі Мейірбеков ұсталған. Ол астанаға Тбилисидегі қайғылы оқиғадан кейін барған. Қазақстан мен Грузия арасында азаматтарды беру жайлы келісім болмағандықтан Мейірбеков Қазақстан заңымен жазаға тартылды.

 Сот үкімінен кейін судья іс материалдарына сүйене отырып, Мейірбековтің Айтпаеваға Грузиядан 500 долларлық жұмыс тауып беруге уәде бергенін айтты. Грузияға барғаннан кейін Мейірбеков балдызын зорлап, ізінше Тордуамен “Айтпаеваға қатысты келісім жасасып” қызды “сыйға тартқан”.

 Сот үкімі бойынша, Мейірбеков марқұмның ата-анасына өтемақы ретінде 5 млн теңге беруі тиіс.

ПІКІР ЖАЗУ