Сарыағашта мал бордақылау алаңдары көбейіп келеді
Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында егін мен бау-бақша шаруашылығынан бөлек мал шаруашылығы да өркендеуде. Сонымен қатар оның тұқымын асылдандырып, бордақылаумен айналысатын шаруашылықтар да көбейіп келеді. Соның бірі – Ақжар ауылдық округінде орналасқан «Аскарова» шаруа қожалығы.
Мал шаруашылығын дамытуды қолға алған шаруа қожалығының жетекшісі жеке кәсіпкер Гүлнар Асқарованың мал қорасында бүгінгі таңда 130 бас бұқасы бар. Шаруа қожалығына былтыр сәуір айында алып келген ірі қара мал бүгінде бордақыланып, ет беруге дайын тұр. Асыл тұқымды бұқа 250 келіге дейін өнім береді. Биыл шаруа қожалығы 4 тоннаға жуық ет өнімін алуды жоспарлап отыр.
Жалпы аумағы жарты гектарды құрайтын мал бордақылау алаңы 200 басқа арналған. Мұнда арнайы бекітілген малшылар ірі қара малдарды күтіп баптау жұмысымен айналысуда.
Бүгінгі таңда мал шаруашылығын асылдандыру бағытында аз жұмыстар атқарылып жатқан жоқ. Жеке қожалықтар селекциялық асылдандыруға ерекше ден қойып, жаңа мал тұқымдарын шығаруға күш салуда. Сонымен қатар мал тұқымын асылдандыру арқылы ет өніміне деген сұранысты қамтамасыз етуге болатынын түсінген шаруа қожалықтарының басым бөлігі осы бағытты қолға алып, дамытып жатыр.
Сарыағаш ауданында 2021 жылы жалпы 15035 тонна ет өнімі және 52894 тонна сүт өнімі өндірілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі