Заңсыз 128 келі балық аулаған браконьерлер ұсталды

Түркістан облысы ПД табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері Жедел-алдын алу іс-шаралары барысында Шардара су қоймасында браконьерліктің кезекті жайтын анықтады. Яғни сағат 16:00 шамасында рейдтік іс-шаралар кезінде Шардара ауданы ПБ-нің полицейлері Арал-Сырдария облысаралық инспекция өкілдерімен бірге су қоймасының жағасында заңсыз балық аулаумен айналысқан екі браконьерді тауып, ұстады. Олар Шардара қаласының екі тұрғыны болып шықты. Тәртіп сақшылары күдіктілерден 1 дана қайық, 500 метр балық аулауға арналған тор мен 128 келі сазан балығын тәркіледі.
Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 335-бабы “балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз өндіру” бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның барлық мән-жайлары анықталуда.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға заңсыз балық аулағаны және өзге де табиғи ресурстарды өндіргені үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қаралатыны туралы ескертеді. Егер, сіз, осындай құқық бұзушылықтың немесе табиғатқа зиян келтірудің куәсі болсаңыз тез арада 102 нөміріне хабарласыңыз.

ПІКІР ЖАЗУ