Қазақстанда соңғы жылдары суицид мәселесі жиі көтеріліп жүр. Өкінішке қарай, мұндай қадамға көбіне жастар мен жасөспірімдер барады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, суицид – 15-29 жас аралығындағы адамдар арасындағы өлімнің негізгі себептерінің бірі. Бұл көрсеткіш біздің ел үшін де өзекті. Адам қиын жағдайға тап болған кезде қайдан көмек ала алады? Алматыдағы BAQ.KZ тілшісінің мақаласында оқып танысыңыз.

Неліктен адамдар мұндай қадамға барады?

Психологтардың айтуынша, суицидке итермелейтін себептер әртүрлі болуы мүмкін:

  • психологиялық қысым мен буллинг – мектепте, колледжде немесе жұмыс орнында;
  • жақын адамдармен жанжал немесе отбасы ішіндегі түсініспеушілік;
  • қаржылық қиындықтар, қарызға бату;
  • жалғыздық сезімі және қоғамнан оқшаулану;
  • психикалық дерттер – депрессия, мазасыздық, биполярлық бұзылыс.

Көбіне адам өз мәселесін бөлісуге ұялады немесе ешкім түсінбейді деп ойлайды. Бұл – ең қауіпті сәт.

Көмекті қайдан іздеуге болады?

Алғашқы көмек әрқашан жақыннан басталады. Егер адамда ауыр ойлар пайда болса, ең бастысы – оларды іште сақтамау. Отбасы, достар, сенімді әңгімелесетін адамға айту психологиялық қысымды жеңілдетеді.

Сондай-ақ арнайы сенім телефондары бар. Қазақстанда бірнеше тәулік бойы жұмыс істейтін сенім желілері бар:

  • 111 – Балалар мен жастарға арналған ұлттық сенім телефоны;
  • 150 – Отбасы мәселелері бойынша жедел желі;
  • 8-800-080-22-11 – Психологиялық қолдау орталықтарының бірыңғай нөмірі.

Бұл қызметтер тегін және жасырын түрде көмек көрсетеді.

Мектеп пен ЖОО психологтары

Оқу орындарында жұмыс істейтін психологтарға жүгіну – қолжетімді әрі маңызды қадам. Өкінішке қарай, оқушылардың көпшілігі оларға барудан қысылатынын айтады. Мұндай стереотипті бұзу қажет.

Медициналық мекемелер

Қажет болған жағдайда, дәрігер-психиатрға немесе психотерапевтке жүгіну өте маңызды. Бұл қалыпты тәжірибе, себебі психикалық денсаулық – жалпы саулықтың бір бөлігі.

Барлық адамның басында өзіндік психологиялық белгілі бір мәселелері бар. Адам депрессиялық күй кешкенде ең алдымен, өзәне қиын болса да сабыр сақтауға тырысу керек. Екіншіден, жақын адаммен сол мәселені бөлісу керек, сонда жеңілдеу процесі болады. Одан кейін сол мәселені шешу үшін қандай қадамдар жасау керектігін ойлану керек, – деді психолог Еңлік Ерболатқызы.

Қоғамдық жауапкершілік

Суицид – тек жеке адамның мәселесі емес, бұл – қоғамның ортақ проблемасы. Әсіресе балалар мен жасөспірімдерге қатысты әрбір жанжал, әрбір дөрекі сөз олардың психикасына үлкен соққы болып тиюі мүмкін. Сондықтан:

  • мектепте буллингтің алдын алу – басты міндет;
  • әлеуметтік желідегі киберқорлықпен күрес – жүйелі түрде жүргізілуі тиіс;
  • ата-аналарға арналған тренингтер – баланың ішкі жан дүниесін түсінуге көмектеседі;
  • қоғамдағы стигманы жою – психологиялық көмекке жүгіну ұят емес, керісінше, дұрыс қадам екенін насихаттау қажет.

Алдын алудың қарапайым тәсілдері

Психологтар мынадай әдістерді ұсынады:

  • өз сезімдеріңізді ашық айтуға дағдылану;
  • күнделікті режимді сақтау, ұйқы мен демалысқа көңіл бөлу;
  • спортпен немесе шығармашылықпен айналысу;
  • қажет болғанда – кәсіби көмек сұраудан тартынбау.

Қиын жағдай кез келген адамның өмірінде кездесуі мүмкін. Бірақ ешқашан жалғыз емес екенімізді ұмытпауымыз керек. Көмек сұрау – әлсіздік емес, керісінше, мықтылықтың белгісі.

Психологтың айтуынша, күйзелістен босаудың бірден бір таптырмас жолы –тыныс алу жаттығулары.

Тыныс алу жаттығулары – жүйке жүйесін босаңсытып, негативтік ойлардан ойлардан тазалайды. Оның негізгі төрт әдісі бар. Біріншісі, 4 секунд ауаны жұтып, 4 секунд ауаны ұстап тұрып және 4 секунд ауаны шығарып тастау керек. Осылай кезекпен 3-4 рет қайталасаңыз, ұйқыңыз дұрысталып, жүйкеңіз тынышталады. Одан бөлек ғаламторда түрлі медитациялар бар. Егер оны істегіңіз келмесе, жай ғана физикалық қозғалыс жасап, таза ауа жұтудың өзі кәдімгідей көмек береді, – дейді Еңлік Ерболатқызы.

Суицидтің алдын алу – мемлекет, қоғам және әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Егер біз бір-бірімізге немқұрайлы қарамасақ, уақытында қол ұшын созсақ, талай адамның өмірін сақтап қалуға болады.