“415 мың теңге”: Мұғалімдер мен жаттықтырушылардың жалақысы өседі

Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға бағытталған маңызды өзгерістер енгізіледі. Мәжілісте заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында депутаттар бұқаралық және балалар спортын қолдауға арналған бірқатар түзетулерді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Негізгі жаңалықтардың бірі – балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде жан басына шаққан қаржыландыру стандартын енгізу. Бұл жаңашылдық әрбір спортшыға жұмсалатын жылдық шығын көлемін 233 мың теңгеден 415 мың теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар жасөспірімдер спорт мектептерінде еңбек ететін жаттықтырушылар мен мұғалімдердің жалақысын көтеру көзделіп отыр. Атап айтқанда, біліктілік сынағынан өткен және оқу-жаттығу процесін ұлттық спорттық дайындық стандарттарына сай жүргізетін мамандарға жаттықтырушылық және оқытушылық біліктілігі үшін үстемеақы тағайындалады. Нәтижесінде санаты жоқ жас жаттықтырушы немесе мұғалімнің еңбекақысы 150 мың теңгеден 200 мың теңгеге дейін өседі.

Бұдан бөлек, заң жобасында дене шынықтыру және спорт саласына арналған e-Спорт цифрлық платформасының жұмысын заңды түрде бекіту ұсынылған. Бұл платформа спорт саласындағы әкімшілік деректерді жинау, өңдеу, басқару және талдау үдерістерін автоматтандырып, басқа да IT жүйелермен тиімді ақпарат алмасуға жол ашады.