“40 жылда болмаған жағдай”: Алтын мен күміс күрт құлдырады

Әлемдік нарықта алтын мен күміс күрт құлдырады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
The Wall Street Journal өз материалында өткен аптада болған бағалы металдар бағасының құбылуы нені білдіретінін зерделеп жазған. Жұма күні алтын бағасы 12%-ға, күміс 16,8%-ға құлдырады. Бұл – тиісінше соңғы 40 және 45 жылдағы ең ірі бір күндік төмендеу.
Bloomberg есептеуінше, 36 сағат ішінде нарық $9 трлн жоғалтқан. Бұл АҚШ-тың ЖІӨ-нің шамамен үштен бір бөлігіне тең.
Нарық мұндай реакцияны Дональд Трамптың Федералдық резерв жүйесі төрағалығына Кевин Уоршты таңдағанын мәлімдеуінен кейін көрсетті. Уорш бұл лауазымға үміткер екінші кандидат Кевин Хассеттпен салыстырғанда базалық мөлшерлемені төмендетуге онша құлықты емес тұлға саналады.
Бұл жағдай инвесторлардың Федрезервтің тәуелсіздігіне қатысты алаңдаушылығын азайтты, базалық мөлшерлеменің жылдам әрі негізсіз төмендеу қаупін және инфляцияның қайта өршу ықтималдығын төмендетті. Соның нәтижесінде алтын мен күміс сатылымға шығып, қорғаныс активтеріне сұраныс әлсірей бастады.
Дегенмен WSJ 2025 жылы-ақ бағаның күрт өсуі аясында орталық банктер тарапынан алтынға сұраныс төмендегенін атап өтеді. Соңғы кезеңде алтынды негізінен жеке инвесторлар сатып алып келді, әсіресе биржалық қорлар (ETF) арқылы белсенді түрде алған.
Ең басты сұрақ – нарықта “көпіршік” қалыптасты ма және енді не болады?
Bank of America сарапшылары қазіргі жағдай классикалық «көпіршікке» тән белгілерді көрсетпейтінін айтады. Сондай-ақ инфляцияны есепке алғанда, бағалы металдардың қазіргі бағасы тарихи шектік деңгейлерге әлі жеткен жоқ.
Өткен жылы 163%-ға өскеніне қарамастан, алтын өндіруші компаниялардың капитализациясы әлі де салыстырмалы түрде шағын: ол әлемдік қор нарығының небәрі 0,39%-ын құрайды. Мәселен, 2011 жылы бұл көрсеткіш 0,71% болған.
Тарихи салыстырулар да алыпсатарлық эйфорияның пайдасына жұмыс істемейді. 1970-жылдары алтын бағасы $35-тен $850-ге дейін өсіп, 24 есеге қымбаттаған, – дейді сарапшылар.




