3 мыңға жуық жетісулық медициналық пойыз дәрігерлерінен медициналық көмек алды

 “Саламатты Қазақстан” медициналық пойызы шалғай аудандардағы тұрғындарға сапалы медициналық көмектің қол жетімділігін қамтамасыз ету мақсатында өз бағытын жалғастыруда, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Денсаулық сақтау министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, мамандандырылған дәрігерлер тобы Жайпақ, Достық және Бескөл станцияларында қабылдау жүргізіп, тұрғындарға медициналық көмек көрсетті.

Сапар барысында тұрғындарға профилактикалық тексерулер, бейінді мамандардың кеңестері, бастапқы диагностика және алғашқы медициналық көмек көрсетілді.

Пойыз жұмысы барысында жалпы 2 855 адам, оның ішінде 1 241 бала тексеруден өтті.

Халыққа терапевт, педиатр, офтальмолог, кардиолог, маммолог және басқа да мамандар қызмет көрсетті. Қажет болған жағдайда пациенттерге қосымша тексерулер мен емделуге жолдамалар берілді.

Жоспар бойынша биыл пойыз барлығы 123 станцияға барып, 90 мыңға жуық қазақстандыққа көмек көрсетеді. Пойыздың маршруты толыққанды медициналық инфрақұрылымы жоқ елдің өңірлерін қамтиды.