2026 жылы астық экспорттауға 30 млрд теңгеден астам қаржы бағытталады

 “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” Ұлттық компаниясы” АҚ өкілдері Қазақстан мен Циндао қаласы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық форумына қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Аталған іс-шара бірлескен жобаларды, соның ішінде астық саласындағы жобаларды дамыту келешегін талқылауға арналған маңызды алаң болды.

Бүгінде «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» Қытайдың ірі өнеркәсіптік топтарымен, атап айтқанда «Сиань Ай Цзюй», Fufeng Group Limited және Dalian Hesheng Holdings компанияларымен ынтымақтастық орнатқан. Бұл жобалар ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді, экспорттық тізбектерді дамытуды және қазақстандық өнімдерді Қытай нарығына жеткізуді кеңейтуді қамтиды.

Ынтымақтастықтың тиімді құралдарының бірі – агроөнімдердің экспорттық партияларын біріктіру бағдарламасы. Бағдарлама қазақстандық агрокәсіпорындар, шетелдік сатып алушылар және кеңесші ретіндегі «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» арасында үшжақты келісімшарттар жасасуды көздейді. Осы жоба аясында фермерлер мен шағын трейдерлер жемдік ұн, күнбағыс майы және астық өнімдерін шетел нарықтарына экспорттауда. Экспорт бағыттарының ішінде көршілес Қытай ең жоғары сұранысқа ие. Соңғы екі жылға жуық уақытта жалпы құны 49,7 млн АҚШ долларына тең 10 экспорттық келісімшарт жасалды.

Аталған корпорацияның басқарма төрағасының орынбасары Самат Теньбаевтың айтуынша, Қытайдың мемлекеттік COFCO және Sinograin компаниялары ұлттық оператордың стратегиялық серіктестерінің қатарында және қазақстандық агроөнімдерді жыл сайын жеткізуге ынталы. Астықты сатып алушылар қатарында Иран, Тәжікстан, Қырғызстан және өзге де елдер бар. Дегенмен, Қытай бағыты экспорт көлемнің өсуі мен бірлескен өндірістік және логистикалық жобаларды дамыту тұрғысынан ең тиімді әрі маңызды болып қала бермек.

Самат Теньбаевтың сөзінше, қытайлық серіктестермен бірлескен жұмыс өзара сенім деңгейінің жоғары екенін көрсетіп, Қазақстанның өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін кұюүшейтуге қосымша мүмкіндіктер береді.

«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» өзара тиімді әрі тұрақты сауда байланыстарын қалыптастыруға бағытталған ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, жаңа бастамаларды жүзеге асыруды жалғастырады.