113 мың өтінім, 93 мың грант: Конкурс қорытындысы жарияланды

Қазақстанда биылғы ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) 210 мыңнан астам талапкер қатысты. Оның ішінде 160,5 мың түлек немесе 76%-дан астамы шекті балды еңсеріп, жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігіне ие болды. ҰБТ-ның орташа нәтижесі 69,42 балды құрады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова ОКҚ-да мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2025 жылғы мемлекеттік білім гранттарының конкурсына 113 мыңға жуық өтінім берілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 мыңға артық. Жалпы биыл жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларына 93 232 грант бөлінді. Оның 77 084-і – бакалавриатқа арналса, қалғаны магистратура мен докторантураға қарастырылған, – деді вице-министр брифингте.
Конкурс қорытындысында гранттардың 99%-ы игерілді.
Квота бөлінісі мынадай:
- Атырау және Маңғыстау облыстарының жастарына – 2 500 грант;
- «Серпін» жобасы бойынша – 2 004 грант;
- Шетелдік ЖОО филиалдарына – 2 365 грант;
- Әлеуметтік осал топтағы балаларға – 9,5 мың грант;
- Қандастарға – 2,1 мың грант;
- Әскери қызметтен оралған азаматтарға алғаш рет – 2 010 грант берілді.
Айта кетейік, 25 тамызда бакалавриатқа қабылдау науқаны аяқталды. Ал магистратура мен докторантураға қабылдау 28 тамыз күні тәмамдалады.