101 өзбек

101 ӨЗБЕК

Соғыс кезінде атарға оғы таусылған, аштықтан бұратыла шегініп бара жатқан, жүзге тарта өзбек солдатына немістер қапелімде шабуыл жасап, тұтқынға алады. Бәрін Голандиядағы «Амерсфорт» атты концлагерге қамайды. Өзбектерді басқалар сияқты баракқа емес, ашық жердегі тікенекті сымтемірмен қоршалған жерге әкеп жатқызыпты. Оларды үнемі ашқұрсақ ұстап, ауыр жұмысқа салады. Басқа тұтқындар өзбектерді неге өздерінен сонша бөлектеп ұстайтынын, неге сонша мал секілді қарайтынын түсінбейтін.

Нацистер бұл тұтқындарды «untermenschen» (недочеловеки) атаушы еді. Әрі бүкіл неміс халқына: — Міне шығыста осындай жабайы, адамдықтан мақұрым хайуандармен соғысып жатырмыз,- дейтін сылтау-идеология үшін керек еді. Осындай мағынада кино түсіру үшін, концлагерге Германиядан бір топ жоғарғы шенділер, кинооператорлар мен режиссерлер келеді. Лагердегі өзбектерді сапқа тұрғызып қояды. Бір уақытта әлгі жерге нан тиеген мәшинені алып келеді. Жоспар бойынша, тұтқындардың арасына нанды лақтырып жіберіп, олардың сол нанға таласып жатқан сәтін кинокамераға түсіріп алу керек.

Сосын оны неміс солдаттарына көрсетіп: «Мынандай малдан бетер халықты аяушы болмаңдар!» деп айтқысы келеді.

Нанды лақтырып кеп жібереді. Немістер оларды нанға таласып, бір-бірімен қырылысатын шығар деп тағатсыздана күтіп тұрады. Бірақ, жастау өзбек барып, лақтырылған нандарды жинап, араларындағы ең үлкенінің қолына апарып береді де, өзбектер малдас құрып отыра қалады. Нанды әрқайсысы еппен үзіп алып, келесі адамға береді. Әрқайсысы әлгі нанды алақанына аялап салып, «Хұдоға шүкір!» деп барып жепті.

Немістер не істерін білмей, абдырайды. Олар өзбектерді малдан төмен қылып бейнелеп, өздерінің қандай мәдениетті халық екенін көрсетпек болған ғой. Бірақ арам ойлары іске аспай қалады да, Орта Азиядан келгендер өздерінің мәдениеті қандай деңгейде екенін нацистерге дәлелдеп беріпті.

Кейін ол тұтқындарды қалың орманға апарып, атып тастапты. Голландиялықтар марқұмдардың басына жылда барып, құрметпен гүл қойып кетеді екен.

Жолымбет Мәкіш

ПІКІР ЖАЗУ