«Зорлық – зомбылықсыз 16 күн» науқаны аясында атқарылатын шаралар нақтыланды
Созақ аудандық полиция бөлімінің Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Айжан Манапованың қатысуымен «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн және жалғыз басты аналарға көмек: әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысы» өтті.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов төрағалық етіп, қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылады. Отырыс барысында негізгі тақырып ретінде «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» атты науқанды ұйымдастыру және жалғыз басты аналарға көрсетілетін көмек шаралары сөз болды. Аудан әкімінің орынбасары Серік Сахиұлы өз сөзінде: «Зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін қоғамда түсінік қалыптастыру аса маңызды. Біз бүгін осы мақсаттарға жету үшін қажетті қадамдарды белгілеуіміз керек», — деп атап өтті.
Жиын барысында «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» іс-шарасын өткізу жөнінде ұтымды ұсыныстар айтылып, оны іске асыру үшін аудандық полиция бөлімімен бірлесе отырып нақты шаралар қарастырылды.
Атап айтқанда, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты болдырмау мақсатында мектептер мен қоғамдық орындарда ақпараттық жұмыстарды күшейту, құқықтық кеңес беру және дағдарыс орталықтарының жұмысын тиімді ұйымдастыру мәселелері қозғалды.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі