Жыл басынан бері Түлкібас ауданына 6800 турист келген
Оның ішінде 450 шет ел азаматтары. Бүгінгі таңда 32 туристік нысан аудан қонақтарына қызмет көрсетіп келеді. Олардың 3-і қонақ үй, 6 балалар сауықтыру лагері, 2 емдік сауықтыру орталығы, 21 туристік аймақтар мен туристік базалар.
Бұл туралы бүгінгі аудан әкімі Нұрлан Байғұт тың төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ұ.Әлімбаев мәлімдеді.
Бұдан бөлек бөлім басшысы ауданға инвестиция тарту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндап, іске асатын жаңа жобаларға тоқталып өтті.
Сонымен қатар лездемелік жиында халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселенің бірі ортақ жайылым жерлердің үлесін арттыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар барысы қаралды.
Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Ж.Керімқұловтың мәлімдеуінше жыл басынан бері ауданымызда жер иелерімен келісу арқылы 23 мыңнан астам гектар жер ортақ жайылымға табысталса, 4040 гектар жайылым жер иелерінің өз еркімен және сот тәртібі арқылы халық игілігіне пайдалануға беріліп отыр. Сондай-ақ, ортақ жайылым тапшылығынан шығу мақсатында ауылдық округтердің елді мекендерінің маңындағы жалпы алаңы 12000 гектардан астам жайылым жерге мемлекет мұқтажы үшін қайтару мақсатында қаулы жобасы әзірленуде. Заң талаптарына сай 3 ай мерзім өткен соң сот тәртібі арқылы қайтаруға жұмыстар жүргізілетін болады.
Жиынды қорытындылаған Нұрлан Мархабатұлы барлық жауапты дербес бөлім басшыларына негізгі индикаторлық көрсеткіштердің орындалуын басты назарда ұстауды ескертті. Алдағы демалыс күндері аудан орталығында аудандық тауар өндірушілерінің жәрмеңкесін ұйымдастыруды тиісті бөлімдерге тапсырып, алдағы жексенбі күні өтетін еліміздің болашағы үшін ең маңызды шара, ел Президентінің сайлауына белсенді қатысуға шақырды.
Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі