Жыл басынан бастап тұрақты 4000 жұмыс орны ашылды

Апталық аппарат отырысында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жалпыхалықтық референдумға қатысып, дауыс берген барша түркістандықтарға алғыс айтты. 5 маусымдағы сағат 22.00-дегі мәлімет бойынша Түркістан өңірінде сайлаушылардың 80,66%-ы өз таңдауын жасап үлгерген. Бұл – республикадағы ең жоғары көрсеткіш.
Жиында бірқатар мәселе талқыланды. Биыл кәсіпкерлікті дамытуға арналған Ұлттық жобаның «Еңбек» бағыты бойынша 70 мыңнан астам азаматты қамту көзделген. Жыл басынан бері олардың 30 мыңға жуығы жұмыспен қамтылды. Аудан, қала бойынша жұмыспен қамту шараларын көрсету барысында Сауран, Төлеби, Бәйдібек аудандары төмен көрсеткіштерді көрсетті. Бұл туралы Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева баяндады.

Мемлекет басшысының жыл сайын 10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу жөніндегі тапсырмасы бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Осы ретте, облыстағы 820 мыңға жуық жұмыс күшін ескерсек, биыл 8 мыңнан астам нәтижелі тұрақты жұмыс орындарын ашу жоспарланды. Бүгінгі таңда аудан, қалаларда 4,2 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылып отыр.
Жұмыспен қамту мәселелері бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесіне сәйкес аудан, қала әкімдерінің қызметін бағалау үшін рейтинг шығарылады. Мамыр айының соңынан бастап елімізде жұмыспен қамтудың өңірлік картасына бекітілген жобалардағы жаңа жұмыс орындары электронды еңбек биржасына енгізілуде. Осыған орай, 16 жоба енгізіліп, 154 бос жұмыс орны ұсынылды. Маусым айында бос орындар қатары 2 мыңға жуықтамақ.
Субсидияланған уақытша жұмыс орындарына жолдау жоспарланған 22 мыңға жуық адамның жартысынан астамы жұмысқа орналасты. Жаңа бизнес идеяларын дамыту үшін 3 мыңға жуық адамға гранттар беру жоспарланған. Жыл басынан бері ашылған 4 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындарының 80%-ы жеке бастамалар аясында ашылуда. Сондай-ақ грант беру, білім беру саласындағы жобаларда тұрақты жұмыс орындары ашылған.

Облыс әкімі жұмыспен қамту ең бірінші мәселе екенін айта келе, аудан, қала басшыларына осы бағытта жұмысты жүйелеуді, жандандыруды тапсырды.

ПІКІР ЖАЗУ