Жұмыс істейтін жастар жеңілдетілген ипотекаға белсенді өтініш беріп жатыр

Жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы қатысушыларының 81%-ы жеңілдетілген ипотекаға өтініш берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2025 жылдан бастап жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы кезең-кезеңімен аяқталады. Бағдарлама қатысушылары жалдау шартында белгіленген мерзімнің аяқталуына байланысты мемлекеттік пәтерлерден шығуда.
Оларға мемлекет тиімді балама ұсынып отыр – 17 өңірде “Отбасы банкімен” бірлесіп жастарға арналған жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама іске қосылды. Бастапқы жарна – тұрғын үй құнының 10-20%-ын, жылдық мөлшерлеме өңірге байланысты 5-9%-ды құрайды, – делінген министрліктің хабарламасында. Бүгінгі таңда “Отбасы банк” АҚ филиалдарына 2026 адам жүгінді. Бұл – жалдамалы тұрғын үй бағдарламасына қатысушылардың жалпы санының 81%-ы. Нәтижесінде 647 адамға несие берілді, 321 адам баспана іздеу үстінде. Қалған қатысушылардың төлем қабілеттілігін анықтау жұмыстары жүргізілуде.