Жүйелі жұмыс оң нәтижесін берді

Түркістан облысының полицейлері жүйелі жұмыс атқару нәтижесінде екі тәулік ішінде мал ұрлығына байланысты 6 қылмысты ашты

Жедел уәкілдер мал ұрлаушылардың бір қылмыстық тобын, мал ұрлығымен айналысқан 5 күдіктіні ұстады. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі шамамен 20 миллион теңгені құрады. Иелеріне барлығы 114 мал қайтарылды. Оның ішінде жоғалған малдар да бар.

Мысалы полицейлер Бәйдібек ауданында 24 жастағы күдіктіні жылқы үйірін ұрлап кеткені үшін ұстады. Шопан болып жұмыс істеген жас жігіт жайылымнан 24 жылқыны жымқырған. Тергеу барысында оның бұрын ауыл тұрғындарының бірінің жылқыларын сатқаны, содан кейін қылмысын жасыру үшін басқа біреудің малын ұрлағаны анықталды. Шығын шамамен 10 миллион теңгені құрады.

Созақ ауданында тағы бір жылқы ұрлығы анықталды. Қабылданған шаралар нәтижесінде полицейлер 19 бас жылқыны ұрлауға қатысы бар 35 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Күдікті ұрланған малды танысының үйіне жасырып, сатып жіберуді жоспарлаған. Шығын 7,5 миллион теңгені құрады. Тәркіленген үйір иесіне қайтарылды.

Сонымен қатар Шардара ауданындағы полиция қызметкерлері ауыл тұрғындарынан мал ұрлады деген күдікпен бір топ адамды ұстады. Күдіктілердің үшеуі түнде жәбірленушілердің шаруа қожалықтарына кіріп, қойларды ұрлап, содан кейін мал базарға сатқан. Бүгінгі таңда олардың 200 мың теңгеден асатын мал ұрлығының 2 фактісіне қатысы бары дәлелденді. Қазіргі уақытта осы фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалып, күдіктілер қамауға алынды және тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Қоғам өмірінде мал ұрлығы өршіп тұр. Шын мәнінде мал ұрлығы жылдың қай мезгілінде де бәсеңдемейді.

2019 жылғы 27 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңында мал ұрлығына қатысты жаза барынша қатаңдатылды. Мал ұрлығы жеке бап болып енгізіліп,төрт түлікке қырғидай тиетіндер бұрынғыдай жеңіл жазамен құтылмайтын болды. Бүгінгі күні соттарда мал ұрлаушылардың қылмысы жалпы ұрлыққа кірмей, арнайы баппен қаралуда. Бұл бап ауыр санатқа жатады және сотталушыға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.

Заңдағы 188-1-бапта бөтеннің малын ұрлағандардың мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, бес жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығынан шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатыны көрсетілген.

Ал енді алдын ала сөз байласу арқылы мал ұрлаған қылмыстық топтың, ірі мөлшерде мал ұрлаушылардың жазасы бұдан да ауыр. Олардың да мүлкi тәркiленiп, үш жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланатын болса, тұрғын үй-жайдың, кәсіпорынның, ұйымның, мекеменің, мал қораның, қашаның немесе өзге де қойманың ауласына кiрумен, бірнеше рет, аса ірі мөлшерде және қылмыстық топ жасаған мал ұрлау бойынша жаза одан әрі қатаңдатылған. Жалпы мал ұрлағандарды табу, ұстау қандай қиын болса, қылмысты дәлелдеу мен жоғалған тұяқты орнына қою одан да күрделі. Біреудің қорасындағы малды болмашы ақшаға сата салатын қылмыскерлер өз қателігін мойындап, кешірім сұрап, көбінесе ұрлағанын орнына қойып береді. Бірақ, жоғалғаны табылған жәбірленуші енді «Қайтқан малда береке бар» деп дау қумай мәселені жылы жауып қоя алмайтынын ескеру керек. Себебі, шығынды өтеп, істі болған қылмыскерлер жәбірленушілермен келісімге келе алмайды.

Мал ұрлығын басқа қылмыстармен салыстырмау керек. Себебі, мал шаруашылығымен күн көріп отырған ауыл халқының төрт түлігіне қол сұғу табыс көзінен айырумен тең.