Жолдау аясындағы жұмыс бағыттары белгіленді
Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялады. Еліміздегі саяси-экономикалық реформалар және алдағы міндеттер туралы Мемлекет басшысы айқындаған басымдықтар мен берген тапсырмаларын «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының ұжымы онлайн режимде тыңдады.
Партия филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиевтің төрағалығымен өткен аппараттық жиында Президент Жолдауында айтылған басымдықтар бойынша партияның өңірлік филиалы атқаруы керек жұмыс тәсілдері айқындалды. Бәсекелі экономика жүйесін құруға бағдарланған жұмыста облыс көлемінде қоғамдастықпен бірлесе атқарылуы керек іс-шаралар өзектендіріліп, пысықталды. Банк жүйелерімен, кәсіпкерлік ұйымдармен, мемлекеттік органдармен, аграрлық сала мамандарымен бірлесе атқарылуы тиіс жұмыс бағыттары белгіленді.
Партияның Сайлауалды бағдарламасының Жол картасында қамтылған көрсеткіштердің орындалуын тұрақты бақылауда ұстау мәселесі айтылып, өңірімізде инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі міндеттердің іске асырылуы қаралды. Аграрлық салада Президент тапсырмасымен айқындалған мәселелерді қарастыруға партиялық ресурстарды жұмылдырудың мүмкіндіктері таразыланды. Оның ішінде қаржылық ұйымдар мен аграрлық құрылымдар арасында мақсатты несиелеу тетіктерін қалыптастыру бойынша өзара тиімді диалог алаңын ашу мүмкіндіктерін қарастыру қажет екені айтылды. Ағын су тапшылығын айқын сезініп жатқан өңірімізде су үнемдеу технологияларын енгізуде облыстық ауылшаруашылығы басқармасымен бірлескен іс-қимыл жүргізу міндеттері пысықталды.
Облыстағы білім беру, денсаулық сақтау, спорт нысандарының құрылысын бақылауда ұстау, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдауда белгіленген индикаторлық көрсеткіштердің орындалуын үйлестіру мәселелері де сөз болып, алдағы жұмыс бағыттары белгіленді. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқаны аясындағы партиялық «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы әрі қарайда жүйелі жалғасын табатын болады.
Мемлекет басшысы «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты», «Қарызсыз қоғам» жобаларының тиімділігіне ерекше тоқталды. Мемлекеттік бағдарламалар деңгейіне көтерілген жобаларды нәтижелі іске асыруға партия өкілдері белсене қатыса беретін болады. Осы жобалардың негізінде Мемлекет басшысы айтқан «Тауар несиесін беру» бастамасын және мектептерде қаржылық және цифрлық сауаттылықты арттыру курстарын ұйымдастыру мәселелері бойынша практикалық көмегімізбен бөлісетін боламыз.
Мемлекет басшысының бүгінгі Жолдауында қоғамдық-саяси маңызы бар екі басты мәселе айтылды. Қасым-Жомарт Кемелұлы атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдумның биылғы 6 қазанда өтетіні туралы хабарлады. Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болатынын айтты. Сондай-ақ келесі жылдан бастап аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері тікелей сайлау арқылы ғана қызметке келетінін мәлімдеді. Бұл да саяси жүйені реформалау ісіндегі кезекті маңызды қадам болатынын жария етті.
Мемлекет басшысының тапсырмаларымен айқындалған, қоғамдық маңызы ауқымды осы жұмыстардың атқарылуына партияның өңірлік филиалы белсене үлесін қосып, өңір тұрғындарын ортақ мақсат аясына біріктіруге нәтижелі жұмыстар жүргізбек.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі