Жоғарғы Сот айыппұл көлемін азайтты
Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы акционерлік қоғамға (АҚ) қатысты әкімшілік істі қарады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бірінші сатыдағы соттың қаулысымен АҚ ӘҚБтК-нің 265-бабының 1-бөлігімен 16 422 000 теңге көлемінде айыппұл салумен әкімшілік жауаптылыққа тартылған.
Іс материалдарын зерделеу нәтижелері бойынша Қоғам интервалдық инвестициялық пай қорының активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыру кезінде «Инвестициялық және венчурлық қорлар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген, оның қызметі туралы ақпаратты жариялау тәртібін бұзғаны анықталды.
Осы факті бойынша уәкілетті органмен Қоғамға қатысты ӘҚБтК-нің 265-бабының 1-бөлігімен 17 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасалған. Бірінші сатыдағы сот 17 әкімшілік хаттама бойынша істі бір өндіріске біріктіріп, Қоғамға 16 422 000 теңге көлемінде айыппұл салған.
Алайда, тағайындалған айыппұлдың бұл мөлшері заң талаптарына сәйкес келмейді, – делінген Жоғарғы Сот баспасөз хабарламасында.
ӘҚБтК-нің 58-бабының талаптарына сәйкес, бір адам екі және одан да көп әкімшілік құқық бұзушылық жасаған кезде әрбір құқық бұзушылықүшін жеке әкімшілік жаза қолданылады.
Егер адам бiр судья, орган (лауазымды адам) қарайтын бiрнеше әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған болса, онда бiр түрлi жазалар қолданылған жағдайда, жазаның түпкiлiктi мөлшерi осы түр үшiн белгiленген айыппұл туралы ең жоғары шектiң үш еселенген мөлшерiнен аспауы керек.
Іс қозғалған кезде айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) көлемі 3450 теңге болған. Тиісінше, ӘҚБтК-нің 44, 58-баптарының ережелеріне сәйкес, орта кәсіпкерлік субъектісі ретінде АҚ-ға салынатын айыппұлдың түпкілікті сомасы 3 000 АЕК-тен немесе 10 350 000 теңгеден аспауы керек. Соттың салынған айыппұл сомасын 30%-ға қысқартқанын ескере отырып, жалпы айыппұл сомасы 7 245 000 теңгені құрайды. Осыған байланысты кассациялық саты сот актілерін өзгертіп, айыппұл көлемін 7 245 000 теңгеге дейін азайтты.