Жетісуға қатты қалдықтарды өндейтін зауыт қажет
Былтыр «еліміздегі ең таза өңір» атанған Жетісу бұл атақтан айырылып қалуы мүмкін. Бүгінде қалдықтарға арналған 182 уақытша сақтау орны мен 7 полигон бар. Бірақ, бұлардың қатты қалдықты толық өңдеуге шамасы жетпейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Инвесторсыз іс бітпейді
Жалпы өңірде қоқыстардың 20 пайызға жуығы қайта өңделеді. Дегенмен бұл көрсеткіш Талдықорғанды таза қала мәртебесінен айыруы мүмкін. Күні кеше облыс орталығына қонаққа келген АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Дэниел Розенблюмнен қала әкімі Ернат Бәзіл қатты қалдықты өңдеймін деген инвестор табылса, құшағы ашық екенін жеткізген. Елшіге «жер де береміз, жағдай да жасаймыз» деп ұсыныс тастаған еді. Одан бөлек корейлік «Kazakhstan Eco Development» компаниясымен де облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мен «Талдықорған көркейту» ЖШС өзара әріптестік келісімге келген. Ондағы мақсат қалдықтың қоршаған ортаға тигізер кері әсерін азайту.
Қалада қатты қалдықтардың кесірінен ауаға тарайтын зиянды зат өте көп. Талдықорған қаншалықты талды қала дегенімізбен де, химиялық элементтердің адам ағзасынан келтірер кесапаты көл көсір. Біз қоқыс газынан электр энергиясын өндіре аламыз. Бұл ретте компания Бэ Санг Хен мырзаның тәжірибесі мол. Полигонда қалдықтарды көму кезінде пайда болатын қоқыстан да пайда табуға болады. Оған қоса, өңірдің экологиялық жағдайын реттеуге жәрдемдеседі. Алдағы уақытта ауаға тарайтын зиянды газдардың мөлшері азаяды, – дейді басқарма басшысы Айдос Бекетаев.
Қазір еліміздің әрбір өңіріне қатты қалдықтарға арналған полигондар ауадай қажет екенін Премьер-министр Олжас Бектеновте ескерткен еді. Осы ретте облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев жалпы күні 3,5 млрд теңгені құрайтын 4 жоба іске асып жатқанын жеткізді. Қоршаған ортаны қорғауда аталған жобалардың маңызы жоғары.
Жылда өңірде 220 мың тонна қатты қалдық сыртқа шығады. Оған арналған 200-ге арнайы орын бар. Тұрмыстық қалдықтарды жинау мен тасымалдауды 22 ұйым іске асырады. Тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау және өңдеумен жалпы қуаттылығы жылына 48,3 мың тоннаға жететін 8 кәсіпорын айналысады. Осы орайда полигондарды рекультивация бойынша жаңа бастамалар қолға алынды, – дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Оның айтуынша, алдағы уақытта Текелдідегі жабық ескі полигонды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Соған сай моноқалада жаңа кешенді алаң ашылады. Оған қоса өңірдегі шағын қалалар Үшарал мен Сарқанда екі полигон іске қосылмақ. Тұрмыстық қалдықты қайта кәдеге асыру мақсатында облыс орталығында кешенді алаң құру жоспарланған. Бұған Текелі қаласы, Ескелді және Көксу аудандары кіреді. Бәрі ойдағыдай жүзеге асса, қала полигонында қалдықтарды жинақтау бір жылда 60 мыңнан 110 мың тоннаға дейін артпақ.
Далада қоқыс орындары қаптап барады
Бүгінде облыста 6 млрд теңге көлемінде 11 инфрақұрылымдық жоба бойынша өтінімдер әзірленіп, «Жасыл Даму» АҚ-ға жолданған. Егер олар қолдау білдірсе, дайын өнім шығару, қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және қайта өңдеу саласы ілгерілейді. Облыс орталығындағы «Жаңа Сана» ЖШС-ның 5 миллиард теңгеге жасалған коммуналдық қалдықтарды басқару жобасы ірі инвестициялық өтінім ретінде қарастырылуда. Жаңа жоба жүзеге асса, жылына өңірде 150 мың тонна қалдықтарды тасымалданып, сұрыпталмақ. Одан бөлек, аталған жобалардың шеңберінде өңірдегі қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 34 пайызға дейін ұлғаймақ. Соған сай 240 жаңа жұмыс орнын құрылады.
Өңірде кездейсоқ қоқыс үйінділері өте көп. Оның санын азайту әзірге мүмкін болмай отыр. Үлкен кәсіпорындар экологиялық ережелерді сақтамайды. Облыста типтік үлгідегі 7 полигон бар делік, оның және қатты төртеуі сенімгерлік басқаруға, біреуі жарғылық капиталын ұлғайтуға берілген. Қалғаны жергілікті әкімдіктердің қарамағында. Дегенмен, облысқа қатты қалдықтарды өңдеп, қайта шығаратын үлкен зауыт қажет. Бұл өз кезегіндегі ауыл ауылдарды жұмыспен қамтуда үлкен рөл атқарады. Бізде бұл сала мүлде жүйеленбеген, өзге елдерден тәжірибе алу маңызды. Көшеге пластикалық бөтелкелерді бөлек жинағаннан пайда жоқ. Қарапайым халыққа оны пайда ретінде іске асыру шарт. Сонда тұрғындар қоқысын кез келген жерге тастамайды, – дейді экобелсенді, журналист Қажет Андас.
Қараңыз, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК АҚ геопортал базасының мәліметіне сүйенсек, облыс аумағында 200-ге жуық қоқыс орны анықталған. Оны, 133-і жойылған, қалғаны бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазір облыс көлемінде сенбілік акциялары жиі өтіп тұрады. Мемлекеттік қызметкерлер мен қарапайым халық бірлесе ауласын қоқыстан тазартуға күш салып келеді.
Былтыр облыста көптеген экологиялық акция өтті. Ол 31 934 адамды қамтыды. Акция барысында 883 шақырым автокөлік жолдары, 383 шақырым арық желісі тазаланды. Оған 352 арнайы техника жұмылдырылып, 1 802 тонна қоқыс жойылды. Қазір көктем уақытында осындай акциялар жиі өтіп тұрады. Қаланың тазалығын сақтау үшін әрбір адамның оған жаны ашығаны абзал. Біз үнемі қадағалап отырамыз, – дейді «Талдықорған көркейту» ЖШС директоры Владимир Қауысбеков.
Айыппұл арқалағандар да бар
Олар кім десеңіз? Мемлекетке «адал» лауазымды тұлғалар. Бүгінде ҚТҚ жинау, тасымалдау, сұрыптау және көму тарифтері бекітілген. Санитарлық жұмыстарды талапқа сай жүргізбегені үшін облыстық экология департаментінің бастамасымен 33 материал аясында бірнеш лауазымды тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылыпты. Түстеп айтсақ, олар ҚР ӘҚБтК 324-бабы және 344-бабына сәйкес 5 миллион теңге айыппұл арқалаған.
Былтыр каммуналдық кәсіпорын қалдықтарды жинақтау лимиті мен эмиссия шығарындыларын шамадан тыс асырғаны үшін 2,3 миллиард теңге айыппұл өтеді. Бұл іспен облыстық прокуратура тікелей айналысты. Сөйтіп, коммуналдық қалдықтарды кәдеге жарату қызметін көрсететін кәсіпорынның өзі міндетті төлемнен жалтарғаны әшкере болды.
Аталған кәсіпорын соңғы 3 жылда облыс орталығындағы палигонға қызмет еткен. Осы полигонда 25 мың тоннаға тарта тұрмыстық қатты қалдық қабылдаған. Компанияның есептерін талдау барысында 41 контрагент белгілі болған. Тіпті олар 140 мың тоннаға жуық қоқыс тасымалдап үлгерген. Прокуратура оны былайша түсіндірді.
Тексеріс барысында, кәсіпорынның ресми есептерінде көрсетілген қоқыс көлемі 114 мың тоннаға көп. Қадағалау актісі шеңберінде, кәсіпорын ӘҚБтК-нің 328-бабының 1, 6-бөлігі бойынша қалдықтарды жинақтау және қоршаған ортаға эмиссиялар шығарындыларының лимиттерін асырғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Заңға сай, 2,3 млрд теңге мөлшерінде ақшалай өтем салынды, – деді прокуратура.
Мақала соңында бір дерек келтіре кетейік, елімізде тұрмыстық 25 пайыз және өнеркәсіптік 40 пайыз қалдық қайта өңделіп, іске жарайды. Ал бұл көрсеткіш көрші мемлекеттерде он есе жоғары. Олар соған сай инвестиция тетігін тауып, зауыттар ашқан. Сондықтан үлкен кәсіпорындар салынбай, іс бітпейді.