Жетісудың тастағы тарихы талқандалып жатыр
Жалпақ Жетісу өңірі петроглифтерге толы. Таста қашалған тарихи суреттер жетіп артылады. Дегенмен сол аумақтар жекеменшікке өтіп кеткеннен кейін, жартастарды кәсіпорындар пайдаға жаратуда, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Қираған Қызылтас петроглифтары
Әуелгі сөзді Мемлекет басшысының Атырауда өткен құрылтайдағы салмақты сөзінен бастасақ. «Бұл жәдігерлер – Дала өркениетінің сан мың жылдық шежіресі. Соңғы жылдары құрылысқа қажет деген желеумен кейбір жәдігерлеріміз бүлініп жатыр. Біз теңдессіз тарихи нысандарымызды жоюға жол бермей, мұқият қорғауымыз керек. Құзырлы органдарға тиісті шара қабылдауды тапсырамын. Қажет болса, заңнамаға өзгеріс енгізу мәселесін қарастырған жөн». Міне, осылай деген еді. Бірақ, Жетісу жеріндегі Ешкіөлмес жотасы, Арқарлы асуы, Қызылтас археологиялық кешені вандализмге ұшырауда.
Қызылтас тауы археологиялық кешен ретінде де тарихи құндылықтарға толы. Тастағы сан алуан суреттер мен әртүрлі эскиздер ерте дәуірдің келбетін көз алдына әкеледі. Бұл топырақтың туристік аймақ ретінде де қадірі зор. Бір сақ қорғанының өзі салмағын асырып тұрғандай. Дегенмен ежелгі тастар заманауи техниканың табанында тапталуда. Үй құрылысына керек материал ретінде үгітіліп, кәсіптің көзіне айналған. Ал өткен жылы қарақшылар сондағы сақ қорғанын тоңап кетіпті. Қаскүнемдер қадірлі қорғанды жермен жексен етіп, екі жерден терең шұңқыр қазған. Не іздегені белгісіз. Сол аумаққа жақын орналасқан өңір тұрғындары тауды қопару жұмыстары кезінде қара түтін басып, шаң-тозаңнан көз ашпайтынын айтады.
Жартастағы тастардың тұтас бір галереясы жоғалғалы тұр. Қанша рет халық болып бірлесе қарсы шықсақта, «Темірбетон» өндірістік компаниясының тоқтатар түрі жоқ. Тарихи кешен түбі карьерге айналары анық. Саяжайдағы қорымдарды көруге сырттан келген қонақтар шошып қайтады. Қала әкімдігіде іске көз жұмып қарап отыр. Бүтін бір дәуір қоқыс үйіндісіне айналуда,- дейді қала тұрғыны Аманжан Ерлікбаев.
«Темірбетон» дегеннен шығады, бұл тақырып былтыр республика көлемінде үлкен дауға ұласқан. Тұрғындар содан бір нәтиже күткен еді. Бірақ жергілікті билік шарасыздығын айтып ақталды. Аталған өндірістік орын қиыршық тасты баспана салуға пайдалануда. «АСПМК-519» холдингінің құрамына кіретін кәсіпорынның бұған дейін де Талхиз қалашығын талқандағының айтып, археологтар дабыл қағуда. Әйткенмен, құжаты түгел, заң аясынан аттамаған өндіріс орны ешкімге құлақ асып отырған жоқ. Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл бұл мәселеге бір жақтан қарауға болмайтынын жеткізді.
Бұл өте күрдел мәселе. Біз сол маңда болып, атқарылып жатқан жұмыстарды қарап шықтық. Ойлаңыз, зауытта 700 адам жұмыс істейді. Яки, 700 отбасын асыраушы қызмет етеді деген сөз. Егер өндіріс орнын жауып тастақа, олар жұмыссыз қалады. Сондықтан бұл іске бір ракурстан қарауға болмайды. Қаншама адам соларқылы үй-ішін асырап отыр. Сөзге оңай, істе қиын. Олардың да мүддесі бар,- дейді қала әкімі.
Қала әкімдігі берген мәліметке сүйенсек, бұл жер заңсыз берілген жердің қатарына жатады, оған қоса көтерілген мәселені арнайы комитет өкілдері тексеріп жатыр.
Осы бір тұтса айта кеткеніміз жөн шығар, қиыршық тас өңдейтін өндіріс орны мен сол зауыттың ашылуына мұрындық болған «Қазархеология» ЖШС өкілдері өз істерінің заңдылығына сенімді.
Жылда Қызылтасқа барып, осындағы еріктілер қорымды аралап қайтамыз. Мәселен, жыл сайын тастағы тарихи жәдігерлердің саны азайып барады. Тіпті, бітуге таяды. Кәсіпорындар 50 жылға жуық жұмыс нәтижесін алға тартып отыр. Бәрі заңнның аясында болғандықтан, мемлекеттің қолы қысқа. Бірақ кешегі Мемлекет басшысының сөзі көңілге үміт бергендей болды. Жақында осындағы еріктілермен бірлесіп, алып бабалардың ақыл-парасаты мен тарихы өрнектелген рухани жәдігерлерді тексеріп шықтық. Өкініштісі, бұрынғы жартас суреттері таба алмадық, – дейді қоғам белсендісі Арнұр Нұртәліп.
Арқарлы петроглифтері аман ба?
Үлкен жолдын ортасында орналасқан Арқарлы асуы да петроглифтерге бай орын. 3 мың жылдық тарихы бар. Жетісу өңіріндегі ең көні тарихи орынардың бірі. Әлеуметтік желі де кәсіпкерлер, бұл маңның тасын үгітіп, құрылыс материалдарын әзірелеп жүр деген әңгіме бар. Былтыр облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау орталығының қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүргізіп қайтқан еді. Сонда жазулы жартастарға жолаушылар, не маңайындағы ауыл тұрғындары химиялық баяумен әртүрлі жазулар жазып тастағанын байқаған. Олар оңайлықпен кетпейді. Сол маңда бір жылдары Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты зерттеу жұмыстарын жүргізген еді. Олар аудан аумағынан петроглифтердің 20 орнын тапқан.
Мұндағы тарихи жәдігерлердің дені қола дәуірімен, сақ дәуірімен астасып жатыр. Ең қызығы, ежелгі түркі жұртына тиесілі таңбалар да бар. Біз тіпті қарлұқ қағанатына тиесілі болған қыш құмыраларды байқадық. Әрбір петроглиф жеке-жеке тізімге алынды. Алдағы уақытта Жетісудың өзге өңірлеріне осындай зерттеу жұмыстарын жүргізбек ойдамыз,- дейді институтының ғылыми қызметкері Александр Горячев.
Мұндағы жақұт жәдігерлер 2017 жылдан бері мемлекет қорғауында. Оны ешкімнің қиратуына құқы жоқ. Петроглифтерге арнайы құжатта жасалған. Орналасқан орындары бойынша сызба жасалып, аудандық жер бөлімінің электронды базасына енгізілген екен. Жалпы, жер жекеменшік құқығына өтіп кетсе, мемлекетке қайтару жұмыстары жүруі міндетті. Мұны облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау орталығының бөлім меңгерушісі: Жандос Адамжанов айтып отыр.
Алдағы уақытта Ешкіөлмес петроглифтері Юнесконың тізіміне енеді. Ел Үкіметінен бастап, Мәдениет және ақпарат министрлігі халықаралық мәдени мұра тізіміне кіргізу бойынша жүйелі жұмыс істеуде. Ал Қызылтастың хәлі көпке мәлім. Кісі қолындағы затқа сырттан араша сұрауға болмайды. Оны сақтап қалуға барына тырысу керек. Ондай тарихи орындардың жекеменшіке өтуі үлкен әбестік, – дейді Жандос Адамжанов.
Турасын айтқанда, Жетісу топырағының рухани тамырынан таған тартқан таңбалы тастар, жауһар жәдігерлер бір өңірдің ғана емес, мұқым елдің сан ғасырлық шежіресі. Ұлттық құрылтайдағы Мемлекет басшысының өзі қорғау алуын тапсырып отыр. Қажет болған жағдайда тиісті заңнамаларға өзгеріс енгізуге болатынын да жасырмады.
Бұл айтулы аймақты мемлекет қорғауына алмай, қаскөйлердің тонағаны тонаған. Біздіңше, кәсіпорынның жұмысын тоқтатып, қалпына келтіру жұмыстарын істеу қажет. Туристік аймақ ретінде де бағасын көтеруге болады. Кішігірім, визит орталық ашса да жарасады. Еуразиядағы ең ірі петроглифтер жиынтығына айналған Ешкіөлмес жотасыда тоналып жатыр. Онда өз есімдерін жазған, тасты бояған небір сұмдықты кездестіресіз. Оны сақтау үшін тікелей мемлекеттің қолдауы маңызды, – дейді «Охотники за петроглифами» еріктілер тобының үйлестірушісі Ольга Гумирова.
Иә, бабалар қалдырған мирасты балалары қадірлей алмағыны өкінішті. Тарих жоғалса, ұлттың да іргесі сөгілетіні анық. Біз кешегі құрметтеу арқылы ертеңгіге үлгі боламыз.