Жетісудағы Наурызнама онкүндігі 14 наурыздан басталады

Биыл Жетісу облысында Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа тұжырымдамасы жасалды. Соған сәйкес өңірде 14-23 наурыз аралығында Наурызнама онкүндігі өтпек. Облыс тұрғындары тақырыптық көрмелерді тамашалап, қайырымдылық және экологиялық акцияларға қатыса алады, сол сияқты спорт жарыстары, концерттік бағдарламалар, тарихи мазмұн мен ұлттық нақыштағы басқа да көптеген іс-шараларға куә болады. Тек бір ғана Талдықорған қаласының өзінде 22 наурызда 100-ден астам іс-шара өткізілмекші, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өңірде Наурыз мерекесі қалай тойланатыны туралы бүгін «Жетісу медиа» өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев айтып берді.

– Республика көлемінде алуан түрлі шаралармен 10 күн бойы аталып өтетін Ұлыстың Ұлы күні мерекесі Наурызнама деп аталады. Осы онкүндіктің әр күніне мерекелік шаралар белгіленген. Дәстүр бойынша айдың 14-і Наурызнаманың басы Көрісу күнімен басталады. Көрісу күні Амал мерекесі болып саналады. Дәстүр бойынша осы күні облыс орталығында ашылған белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ақсақалдарымен бірге көрісу ұйымдастырылады. «Амал мерекесі» биылдан бастап біздің  өңіріміздің әр аудан, ауылдарында да толыққанды аталып өтеді, – деді М. Көлбаев.

Спикердің айтуынша, 15 наурыз Қайырымдылық күні деп белгіленді. Бұл күні қарттар үйіндегі ақсақалдар мен жетім балаларға,  көпбалалы отбасыларға, сондай-ақ көмекке мұқтаж жандарға сый-сияпат беріліп, мерекемен құттықтау рәсімі өткізіледі.

16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Бұл күні Талдықорғандағы “Жастар” Спорт сарайында алғаш тәй-тәй басқан 50 сәбидің тұсауы кесіледі. “Бұл ғұрып осындай ауқымды көлемде бізде алғаш рет өткізіліп отырғанын атап өту керек. Одан бөлек батагөйлер бата беріп, келін түсіру жоралғылары жасалып, жұрт ұлтымыздың ұмыт бола бастаған өзге де салт-дәстүрлерін тамашалай алады”, – деді облыс әкімінің орынбасары.

17 наурыз – Шаңырақ күні. Бұл күні отбасылық құндылықтарды дәріптеуге арналған  10, 20, 30, 40, 50, 60 жыл отасқан отбасылардың фестивалі өтеді. Және отбасылық жұптардан құралған концерттік бағдарлама халықтың назарына ұсынылады.

18 наурыз – Ұлттық киім күні. Осы күні кітап көрмесі ұйымдастырылып, онда ұлтымыздың киім кию үлгісі, оның тарихы жазылған кітаптар қойылады. Қазақ әйелінің қастерлі бас киімі кимешекке арналған бөлек көрме, ұлттық киім байқаулары, ұлттық нақыштағы заманауи киім үлгілерінен дефиле ұйымдастырылады.

19 наурыз – Жаңару күні. Осыған орай жүздеген бастаудың көзін ашады, ағаш көшеттерін отырғызады.

20 наурыз – Ұлттық спорт күні көкпар тарту, жамбы ату, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу, асық ату, арқан тарту, бес тас, тоғызқұмалақ, қол күресі сынды ұлттық ойындар өткізіледі.

21 наурыз – Ынтымақ күні жүк артқан түйелер бастап, велосипедшілер қостаған көш «Жастар» саябағынан орталық алаңға қарай бет түзейді. Ынтымақ күні мерекелік жәрмеңкелер де ұйымдастырылады.

22 наурыз – Жыл басы – Наурыз мейрамы. Мерекенің шарықтау шағы. Негізгі шаралар сағат таңертеңгі 10-нан бастап кешкі 22:00-ге дейін жалғасады.

 23 наурыз –  Тазару күні. Он күндік мерекелік Наурызнама көптеген экологиялық шаралармен жалғасып, мәресіне жетпек. Осы күні «Тазару күні» экологиялық акциясы өтеді. Жетісу өңіріндегі Наурыз мейрамын тойлау еріктілерді, жастарды және баршаны тарта отырып, көшелерді, саябақтар мен алаңдарды тазалаумен түйінделеді.

ПІКІР ЖАЗУ