Жетісу жастары қариялардан бата алды

 Жетісу жастары амал мерекесіне сай талдықорғандықтарды құттықтап, шағын сыйлық тарту етті. Қарттарға көмектесіп, жолаушыларға жәрдем берді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының жастары “Көрісу күні” мерекесіне орай “Жылулық” қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Ондағы мақсат – қоғамдағы мейірімділік пен ынтымақты нығайта отырып, үлкендерге құрмет көрсету, сондай-ақ көмекке мұқтаж жандарға қолдау білдіру. Жастар тұрғындардың жүзіне қуаныш сыйлап, мерекелік көңіл-күйге бөледі.

Көне қазақ танымында “Көрісу күні” жаңа өмірдік бастауы, жылылық пен қамқорлықтың үлгісі болған. Сол дәріпті дәстүр қайта жаңғырып, қазақ халқы байырғы бабатанымын санасына сіңіріп, оны жастар жалғастырып жатыр. Көңіл марқайып қалады екен. Қасиетті Рамазан айында ауызашарға қажетті заттарды таратып, тұрғындардың қошеметіне ие болып жатыр. Үйімізге дейін жеткізіп, қолымыздағы жүкті өздері көтеріп келді. Осы іске мұрындық болған азаматтарға алғыс айтамын. Болар елдің баласы бірін-бірі осылай құрметтесе керек. Қазақтың жаңа жылы құтты болсын. Барша ағайынды құттықтаймын, – дейді зейнеткер қария Қалмахамбет Қыдырбаев.

Аталған акция қаланың бірнеше нүктесінде жүргізілді. Атап айтсақ, қоғамдық көліктерде, сауда үйлерінде және халық көп шоғырланатын жерлерде ұйымдастырылды. Жалпы саны 50-ге тарта адам қамтылған.

Көктем келе күннің шапағы түсіп, елдің жақсылықтан үміттенетін әдеті. Біз осынау мерекеде барша халыққа қуаныш сыйлауды құп көрдік. Жастар ерінбей, қаланың әр түкпірінде жүріп, үлкендерге көмектесіп, батасын алды. Үлкеннен бата алу – бұл қазақтың әдет-ғұрыпында маңызды рөл атқаратын рухани игілік саналады, – дейді ұйымдастырушы Еркебұлан Ақболатов.

ПІКІР ЖАЗУ