Жетісу полицейлері интернет-алаяқтық туралы ескертті

 Жетісуда тұрғындар арасында интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған іс-шаралар өткізіліп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Азаматтарға барынша ықпал ету үшін барлық әсер ету құралдары қолданылады. Тәртіп сақшылары ақпараттық буклеттер мен кітапшаларды тарату түріндегі дәстүрлі әдістермен шектелмей, көліктерге көрнекі үгіт-насихат мәтіні бар стендтер орналастырып, қаланың орталық көшелерімен жүргізіп бастады.

Бұндай профилактикалық жұмыстар барлық жол қозғалысына қатысушыларға, көлік иелеріне де, жаяу жүргіншілерге де әлдеқайда айқынырақ болды. Нәтижесінде, бұл азаматтар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының ауқымын арттыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Талдықорған ҚПБ бастығы Ернар Ширбаев. 

Сондай-ақ, Талдықорған қаласының полиция қызметкерлері қоғамдық орындарда орнатылған дауысты зорайтқыш құрылғылардың мүмкіндіктерін пайдаланып, ауқымды үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастырды. Сақтық шаралары туралы мәтіндер шағынмаркеттерде, сауда және ойын-сауық орталықтарында, арбатта, тіпті қоғамдық автобустарда да таратылды. 

Алаяқтықты анықтау – көп еңбекті қажет ететін жұмыс, өйткені қылмыскерлер күн сайын алдаудың барлық жаңа тәсілдерін ойлап тауып, жасаған заңсыз әрекеттерінің іздерін жасыруда. Осыған байланысты алаяқтықпен күресудің ең тиімді жолы оны алдын алу мен халықты ескерту болып табылады. Осыған орай, 15 ірі супермаркетте, 26 бағыттағы 187 автобуста, орталық арбатта орнатылған дауысты зорайтқыш құрылғылар арқылы тұрғындарға сақ болу, ешбір жағдайда және ешқандай сылтаумен жеке басын куәландыратын деректері мен банк карталарының мәліметтерін белгісіз тұлғаларға бермеу туралы ақпарат жеткізілуде, – деп толықтырды Ернар Ширбаев. 

Сондай-ақ, акция аясында өткен демалыс күндері тәртіп сақшылары 50-ден астам көпқабатты үйлерді аралап, тұрғындарға алаяқтардың құрбанына айналмау туралы ұсыныстар жазылған кітапшалар таратты. 

ПІКІР ЖАЗУ